Инвестициялар және даму министрлігі 2017-2019 жылдары 4,4 мың шақырым жолды жөндеуге болмаса қайта салуға 1,7 триллион теңге құятынын айтқан еді. Ауылдағы ағайынның жол азабын жеңілдету үшін аталған ақшадан титімдей бөлінер ме, жоқ па, беймәлім.
«Мәселе» бағдарламасының түсіру тобын шақырған солтүстіктегі ауылдарда өлместің күйін кешкен ағайын өзен-көлде қатып жатқан мұзды ойып ішуге мәжбүр. «Су ішетін арығы жоқ елдің, сүзіп алатын балығы жоқ» дейді қазақ.
Африканың кедей елдерінде 1 адам күніне бар-жоғы 3-5 литр ғана су пайдаланады екен. 1 қытайлық тәулігіне 100 литр, 1 орыс 300 литр, 1 америкалық азамат тәулігіне 700 литр су жұмсайды екен. Бұл орташа көрсеткіш.
Мемлекет бюджеттен ауылға ақша бөлмейді десек, күпірлік болар. Беріп жатыр, бөліп жатыр. Тек соны діттеген жеріне жеткізбей орта жолдан жиендік жасайтын жергілікті шенеуніктердің өңешіне өгіз құлап кетердей өлімдесетін қара ниетін құрту ғана қалып тұр. Ол аздай біздің елде әлі күнге электр жарығынсыз білте шам жағып отырған ауылдар бар. Бұл да ақша көрсе атасын сатып кететін шенді-шекпенділердің елге жасаған қиянаты.
Осы мәселе турасында Еркін Съезұлының сюжетінде.