ЕҰУ-де «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының оқу-тәжірибелік аудиториясы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ЕҰУ-де «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының оқу-тәжірибелік аудиториясы ашылды

15.03.2018
ЕҰУ-де «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының оқу-тәжірибелік аудиториясы ашылды

Бүгін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде Қазақ телевизиясының 60 жылдығына орай «Qazaqstan» - ұлы дала елінің «көзі, құлағы һәм тілі» атты салтанатты шара өтті.

Мәдени іс-шараға телевизия саласының ардагерлері, қоғам қайраткерлері және жетекші БАҚ басшылары мен өкілдері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы және білім алушылар қатысты.

Қазақ телевизиясы ардагерлері және зиялы қауым өкілдері қатысқан шарада Журналистика және саясаттану факультетінде «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының атаулы оқу-тәжірибелік аудиториясы ашылды.

«Қазақ телевизиясы - Ұлы дала еліндегі қарашаңырақтарының бірі, елдік мұраттардың жаршысы, рухани және мәдени құндылықтарымыздың ту ұстаушысы. Осыдан 60 жыл бұрын алғаш рет көрерменіне жол тартқан телеарнаның көзі тірі куәгерлері ортамызда.

Телеарна басшылығында болған, түрлі қызметтер атқарған тұлғаларды еліміз жақсы біледі, құрметтеп, қадірлейді. Ашылып жатқан аудитория сол шежірелі тарихтың айнасы, жас журналистерді шыңдаудың шеберханасына айналады деген сенімдеміз», -дейді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов.

«Мұнда мол мағлұматтар жиналып қана қоймаған, алдағы күндері «Qazaqstan» телеарнасы танымал журналистерінің қатысуымен шеберлік сыныптарының жүйелі түрде өтіп тұруы көзделуде. Аудиторияда «журналистика» мамандығы студенттеріне теориялық және тәжірибелік сабақтар жүргізіліп, шеберліктерін шыңдайтын жағдай жасалған.

Тиісті техникалық жабдықтар: қос ЛЭД экран, интерактивті тақта, компьютер бар. Интернетке қосылып, тікелей телеөнімдермен танысуға, байланысқа шығуға болады», -дейді Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, алаштанушы ғалым Қайрат Сақ.

Бүгінде 3 телеарна мен 4 радионың басын біріктіріп отырған «Қазақстан» РТРК» АҚ  рухани жаңғыру бағытында ауқымды іс-шараларды жүзеге асыруда. Жаңа сипаттағы бағдарламалар эфирге шығып, деректі және сериалды фильмдер түсірілуде. Корпорация басшылығы журналистердің кәсіби біліктілігін шыңдауына, жаңа буын мамандарын даярлауға көңіл бөліп келеді, білім алушылардың өндірісте тәжірибеден өтуіне қамқорлық танытуда.

Салтанатты шараның соңы шағын концертке ұласты.

www.enu.kz

Хабарламаларға жазылу