Асабалар неге ардан безді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Асабалар неге ардан безді?

10.03.2018

Қазақта «Батыл жігіт жол бастар, ақын жігіт той бастар» деген бар. Бірақ, қазір аузына келгенін айтып, елдің қуанышында ойына келгенін жасайтын асабалар қаптап кетті. Ардан безген әрекеттерінің бейнежазбалары ғаламторда толып жүр, оны көріп ұялып жатқан бірі жоқ. Керісінше, бұл да жарнама ғой деп жетісіп жүргендерді талай көрдік. Бұл бейресми кәсіптің нәсібі сонша мол ма қайдам, әйтеуір, көгілдер экраннан жылт еткенің де, сахнаға шығып ән айтып, би билегенің де той-тойлап асабалық қылудан босамай кетті. Танымал адам тойын басқарса бітті, қалтасына тапқан-таянғанын төге салатын аңқау елге арамза асаба болғандар туралы айтыста Мұхтар Ниязов былай деп еді:

Сингапур, Малайзия, Батыс, Қытай,

Ізденіспен ілгері дамып жатыр.

Әлі күнге оларда ғылым-білім,

Әмір беріп әуелгі тағында тұр.

Аспанға қолын созып керек десең,

Айменен күн Марсқа барып жатыр.

Біздікілер аспанға қараймын деп,

Жұлдызды санаймын деп нағып жатыр.

Бар тапқаны қазіргі бауырлардың,

Жарысып тойханалар салып жатыр.

Эфирдің де тізгіні біле білсең,

Әнші мен шоумендердің қолында тұр.

Мемлекеттік ертеңі біле білсең,

Әншіде емес ғылым мен ғалымда тұр.

Ырың-жырың асаба алға шығып,

Ғылым-білім тасада қалып жатыр-деп еді. Бастысы сенгіш, асабаның айтқанына көнгіш ел қасықтап тапқан табысын шөміштеп әлгілердің қалтасына құйып әуре.

 

Еркін СЪЕЗҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу