Бүгіннен бастап әр жексенбі сайын «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы көрермендеріне «Жүрсіннің жүйріктері» атты айтыс аламанын ұсынады. Жоба жүргізушісі – Саламат Омаш.
Жаңа жобада елімізге белгілі 20 ақын сөз додасына түседі. Олар: Серік Қалиев, Еркебұлан Қайназар, Айтбай Жұмағұлов, Әсем Ереже, Маржан Есжанова, Дидар Қамиев, Анар Жаппарқұлова, Мақсат Ақанов, Ержан Әмір, Қалижан Білдәшев, Шалқарбай Ізбасаров, Бердіхан Қазірет, Тілеген Әділов, Мұхтар Ниязов, Салтанат Өтелбаева, Шұғайып Сезімхан, Бақыт Жағыпаров, Рүстем Қайыртай, Серікзат Дүйсенғазы және Аспанбек Шұғатаев.
Ереже бойынша ақындар екі топқа бөлінген. Әуелгі ондық - үлкен буын. Кейінгісі - кіші толқын. Үлкен буынның топ жетекшісі – Серік Қалиев болса, кіші буынға Мұхтар Ниязов пен Дидар Қамиев жетекшілік етеді. Айтыскерлер «Арнайы тақырып» және «Егер де мен..» деп аталатын екі бөлім бойынша сынға түседі.
Бағдарламаның қазылар алқасы қатарында белгілі өнер қайраткерлері - қазақ киносының майталманы, ҚР Халық әртісі Асанәлі Әшімов, әнші әрі композитор, ҚР Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, профессор, ғылым докторы Намазалы Омашев пен Халық ақыны Әсия Беркенова бар. Ал, жобаның басты қонағы - айтыс өнерінің жанашыры Жүрсін Ерман. Ережеге сай, Жүрсін Ерман ақындарға ұпай қоя алмайды, тек пікір білдіріп отырады. Сондай-ақ, егер екі ақын тең түсіп қалған жағдайда, қайсының келесі айналымға өтетінін анықтау құқығына ие.
Сонымен қатар, тағы бір жаңашылдық, айтыстың тұрақты сарапшылары болмақ. Бүгінгі алғашқы бөлімде Қадыр Мырзәлиев атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Қалиоллла сарапшылық етеді.
Жаңа жоба осы аптадан бастап, әр жексенбі сайын сағат 21:00-де көрсетіледі. Қорытынды кезең Астана күніне орайластырылған. Бүгін көрермендер Серік Қалиев пен Еркебұлан Қайназардың арасындағы айтысқа куә болады.