Бала күтушісін таңдарда нені ескерген жөн? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бала күтушісін таңдарда нені ескерген жөн?

03.03.2018

Жасөскінді жастайынан тәрбиелеуге білек сыбана кірісетін ата-аналар кейде бөбекжайға бармайды, үйіне күтуші жалдайды. Жазушы-педагог Антон Макаренко «Тәрбиеші болу үшін, тәрбиеленген болуың керек» депті. Тәрбиесі бар тәрбиеші табу үшін қазір қоғамда бала күтушіні мамандық деп танып оған арнайы сертификат тапсыру керек деген бастама көтерілді. Орынсыз дей алмайсың, мәселен, өткен жылы ақылынан адасқан күтуші әйел 2 жасар сәбиді Теміртаудан Астанаға алып қашқан. Қолға түскен әпенді «бала маған мама деді, содан бері бөбекке бауыр басып қалдым, ана болып көрейін дегем» деп ақталыпты.

Ал, жыл басында Лондонда бір ауқатты отбасы 4 баласына күтуші іздеп көптің ойын бұзды. 15 жылдық жұмыс өтілі бар тәрбиеші табылса оған жылына 100 мың доллар ақша төлейміз депті хабарламада. Оған қоса әлемді айналып қайтатын саяхат сыйлайды, бірақ аптасына 6 күн жұмыста болу керек.

 

Балаларды түрлі үйірмелерге тасу талап етіледі, сол үшін бала күтушісі «Porsche», «Range Rover»  немесе «Maserati» автокөліктерін басқара алуы тиіс екен. Әлемнен сағатына 300 түйіндеме алып тәрбиеші іздеуге кіріскен лондондық отбасы сияқты біздің елде де бөбегіне жеке күтуші жалдайтын отбасылар көп. Тәрбиеші таңдарда нені білу керек, оның қызметін қалай бақылауға болады?  Бұл туралы толығырақ Гүлжазира Ғалиқызының сюжетінде.

Хабарламаларға жазылу