Жазушы-публицист, кинотанушы Камал Смайылов 1932 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген.
1954 жылы қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген.
Еңбек жолын «Лениншіл жас» газетінің редакциясында бастаған. «Білім және еңбек» журналының тұңғыш редакторы, ҚазКСР мемлекеттік кино комитетінің төрағасы, Қазақ КСР мемлекеттік телерадио комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы, Қазақстан журналистер одағы басқармасының төрағасы сияқты жауапты қызметтері атқарған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 12-шақырылған халық депутаты болып сайлаған.
Ол Қазақстан киноөнерінің алтын қазынасына айналған «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры» кинофильмдерін түсіруге бірден-бір жебеуші болды.
Смайылов басқарған тұста «Қазақфильм» киностудиясы «Әкелер жері», «Ән қанатында», «Артымызда Москва», «Тақиялы періште», «Қараш-қараш оқиғасы», «Мәншүк туралы ән», «Шоқ пен шер», «Көксерек», «Транссібір экспресі» және т.б. көркем фильмдері түсіріліп, тұңғыш қазақ мультфильмі жарыққа шықты.
К.Смайыловтың қаламынан 15 публицистік-танымдық кітап дүниеге келді, өзекті мәселелерді көтерген 350-ден астам көркем очерктері мен мақалалары жарық көрді.
Ұлтжанды азаматтың бастамасымен Алматыда 1975 жылы тұңғыш рет Халықаралық кинофестиваль өтті. Қазақ телевизиясына басшылық еткен жылдары ұлттың ұстанымдағы «Айтыс», «Терме», «Шабыт», «Халық таланттары», «Асыл мұра» топтама хабарлары, көпшілікке арналған «Тамаша» бағдарламасы эфирге шығып, халық сүйіспеншілігіне бөленді.
Толығырақ «Таңшолпан» бағдарламасында