5 баланың анасы Айнұр «Мақпалдың мекені» айдарының бүгінгі қонағы болды. Кейіпкер өз оқиғасымен бөлісіп, студияда арманымен бөлісті.
«Күйеуіммен студент кезімізде таныстық. Өзім ауылдың қызы болдым. Біраз жүргеннен кейін жігітім жоқ болып кетті. Аяғым ауыр болды. Әкем ренжіп, үйге кіргізбеді. Ата-анамды, әжемді ойладым. Үйге бара алмай жүрдім. Әжем тауып алып, көп әңгіме айтты. Өзім сабырға келіп, баламды тудым. Әкеммен сөйлескім келеді. Осы бағдарламада әкемнен, анамнан кешірім сұрағым келеді.
Ата-енем де жақсы. Балаларыма көмегі тиді. Олардың жақсылығын ұмытпаймын. Күйеуімнен басқа ешкім керек емес. Екі жылда түрмеден босап шығады. Бала-шағаммен күтіп отырмыз. Күйеуімнің еңсесін түсірмеймін. Биыл түрмеде отырғанына 8 жыл болды. Қатты сүйемін оны. Кемшіліктерін кешірдім. Ер азаматтың басына неше түрлі іс түседі. Бұл күндер де өтер.
Біреуге алақан жайған емеспін. Өз балаларымды өзім асырап жүрмін. Балаларым қасымда. Бағдарламаға көмек сұрау үшін келген жоқпын. Ішімдегі мұңыммен бөлісуге келдім. Балаларым ауырғанда, күйеуімді сағынғанда жаным қиналып, жылаймын», - дейді Айнұр.