«Таңшолпан». «Қатын» және «әйел» сөздері неге пікір қайшылығын тудырады? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Таңшолпан». «Қатын» және «әйел» сөздері неге пікір қайшылығын тудырады?

05.02.2018

Нәзік жандыларға қарата айтылатын кейбір атаулар төңірегінде пікір қайшылығы бар екендігі белгілі.

Кезінде лингвист, академик Рахманқұл Бердібаев «қазақтың 18 мың сөзі бұзылды» деген. Ол сөзінің жаны бар сияқты. Шығу тарихы, төркіні түгелденбей жатып байтақ тіліміздің бір бөлшегіне айналған келімсек сөз көп. Құлаққа жағымды естілетіндіктен бе көп жігіт «әйелім» деп айтады. Ал, «қатын» сөзі көбіне бұйрық райымен «әй қатын», «бүй қатын»  деген секілді ер азаматқа басымдық  беретін тіркес ретінде қолданылып жүр.

«Қатын – қазіргі уақытта архаизмге айналған ұғым, ол әуелгі заңдылық құқығы мен мағынасы бойынша дәрежелік атау. Отағасынан кейінгі заңды билік иесі, жерге мұрагерлік ететін мүлік пен малдың еншілесі, сыбаға басы», - деген алаштанушы Тұрсын Жұртбай.

Белгілі жазушы, алаштанушы, ғалымның бұл пікірі «қатын» сөзі ежелден қолданыста болғанын аңғартып тұр. Сонда «әйел» атауы қайдан шыққан?

«Тарихи тұрғыдан алып қарағанда, біздің пікірімізше, «қатын» - төл сөз, «әйел» - кірме сөз. Парсы тілінен аударған кезде «әйел» адамзаттың ұрғашысына қаратып айтылатын атау. Ал, түрік сөздігін қараса, «әй» - қызметші, күң дегенді білдіреді. «Қатын» сөзі – «ханым» деген мағынаны берген», -дейді профессор Бекжан Әбдуәлиұлы.

Ғалымдар Кеңестің кері саясатының кесірінен «әйел» ұғымы ауызекі тілмен, жазба әдебиетімізге, тілдік терминімізге кіріп кеткенін айтады. Ал, «қатын» атауы осыдан 1500 жыл бұрын көктүріктердің сына жазуларында кездескен. Қай сөздің бұрыннан қолданыста болғанын осыдан көруге болады.

Кеңес одағынан бөлініп, тәуелсіздік алған республикалардың ішінде қазақтан басқа халықтардың «әйел» сөзінен түгелдей бас тартқан. Өзбек, түрікмен, қырғыз, әзірбайжан, татар, оғай, қарақалпақ, башқұрт сияқты халықтар тек «қатын» өзін қолданады.

Қазақтың жер-су атауларында «Қатын-қарағай», «Қатын-көпір», «Қатын-өзен», «Қатын-бастау» сияқты аттар әлі күнге дейін сақталған. Шамасы жоғарыда аталған түркі халықтарының тіл бірлігіне жер-су атауларына қарамастан «қатын» сөзінің қадірін қашырып, кұнын түсіріп жүрген біз ғана көрінеміз. Барды бағалап, тілімізге құрметпен қарайық.

 

Толығырақ «Таңшолпан» бағдарламасынан біле аласыз.

Хабарламаларға жазылу