Дәстүрлі ән мен күйдің бүгінгі жайы (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дәстүрлі ән мен күйдің бүгінгі жайы (ВИДЕО)

03.02.2018

Кешегі Әміре мен Жаяу Мұсаның, Қали мен Майраның, Мәди мен Кененнің, Құрманғазы мен Динаның саф алтын мұрасын бүгінде сақтап жүрген азаматтар мен азаматшалар өлместің күйін кешуге мәжбүр. Айып той-томалаққа өтірік әншіні шақырып, әлгінің әніне ішінде жыны бар адамдай ақ тер көк тер болып билейтін бүгінгі қоғамда. Ақан серінің «Маңмаңгерін», «Қараторғайын», «Сырымбеті» мен «Балқадишасының» бағасына бәріміз бірдей жетіп жүргеніміз жоқ.

Біржан салдың «Ләйлім шырағын», «Тентегі» мен «Бірлән қызына» құлақ салсақ музыка деген құдыреттің қандай екенін сезінер ек. Мұхиттың «Айнамкөзі», «Қиламы», «Үлкен Айдайы» шырқалса қазіргі талантсыздар тезек теріп кетеді еді. «Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де» дегеннен-ақ Кенен Әзірбаев атамыздың бағасын бағамдай беріңіз. Оның «Бозторғайы», «Қос қалқасы», «Келінжаны» мен «Қайран жастығы», «Базар-Назары»...тыңдасаң құлақ құрышыңды қандырады.

Музыка зерттеушілері қазақ халқында 5 мыңнан астам күй мен 12 мыңға жуық ән бар дейді. Енді, осынша байлықтың қадіріне жететін қоғам керек. «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел!» деп дана Абай осындайда айтса керек. Ғабит Мүсіреповтің: «Қызық емес пе, көзіңе көрінбейтін, қолға ұстауға келмейтін ән мен өлең ғасырлар бойы ел ойында қордалана беріпті, оята беріпті, сергіте беріпті» дегені бар.

Осыншама рухани байлықты қазіргі қоғам неге бағаламайды, ұлттық ән-күйді қолтығынан демеуге шенеуніктер неге құлықсыз? Осы мәселе турасында Еркін Съезұлы баяндайды.

Хабарламаларға жазылу