Тележүргізуші, журналист Асхат Садырбай «Бақытты әйел» бағдарламасының «Мақпалдың мекені» айдарында қонақта.
Асхат Садырбай:
Танымал болуды армандаған жоқпын. Жалпы, шығармашылықпен айналысу ұнайтын. Арманым - радио, газет еді. Достарым телеарнаға кастингке барып көрейік деді. Алғашында өтпедім. Екінші кастингтен өтіп, жұмыс істедім. Бірінші айлығым 2000 теңге еді.
Эфир мәңгілік емес. 80-ге келгенше эфир тізгінін ұстау оңай емес. Біздің арналарда ондай жағдай аз. Артыңнан жастар келеді. Бәрібір орныңды босатып бересің. Бұл нәрсеге психологиялық дайын болдым. Жұмыс болмай қалған кездерде үйге азық-түлікке ақша таппай қалған сәттер өтті. Көлігіме мініп, такси қызметін көрсеттім.
Өзіме қатты сынмен қарайтын адаммын. Кемшіліксіз адам жоқ. Психологияға әуестенемін. Журналистикаға келгеннен кейін психология екеуі ұштасты. Көп оқып, ізденемін.
Жол апатына түскен кезде де өзімді психологиялық дайындадым. Ол жағдай көп нәрсеге үйретті. Мойнымда жүрген біраз жүктен арылдым. Көп уақытымды керек емес адамдарға жұмсап келген екенмін. Көп адам мүмкіндіктерімді пайдаланып, басыма қиын іс түскенде немесе қуанышты сәттерімде жанымда бола алмайды екен. Одан кейін Астанаға көшуге бел будым. Осылайша жерді, жұмысымды, ортамды ауыстырдым.
Студия қонағы сондай-ақ, отбасы, бала тәрбиесі туралы да сырларымен бөлісті.