Осы жұмадағы «Парасат майданы» бағдарламасы «О, дариға! Үміт тәтті шүбәдан» деп аталды. Бағдарламаға ақын Оңайгүл Тұржан мен мәдениеттанушы Ақтолқын Құлсариева қатысып, бүгінгі қазақ поэзиясының жай-күйі турасында ойларын ортаға салды.
«ХХІ ғасырдағы қазақ поэзиясы халықтың жұмыссыздық, жалақы мәселесі, азаматтық құқықтың сақталмауы сынды сұрақтарға жауап беріп жатыр ма?» деген сауалға ақын Оңайгүл Тұржан: «Әдебиет пен поэзияның міндеті – тек адамға жақсы сезім сыйлау ғана емес, қоғамға қызмет ету. Ол өзінің айтайын деген идеясы арқылы халықтың санасын жаңа бір деңгейге көтеріп алу. Жалпы, поэзия қоғамдағы ұлттық сананы, адамдық сананы көтеру қызметін атқаруы керек» - деген пікірін білдірді.
«Кеңес үкіметі тұсында цензура болды. Ал, қазір ресми цензура жоқ. Неліктен біздің қоғамда көптеген мәселелер көтерілмей қалады?».
Мәдениеттанушы Ақтолқын Құлсариева бұл жағдайға кеңестік цензура импульсінің қалуы себеп деп ойлайды. Және де ол «Құлдық сана бір ұрпақ кетпейінше, бірден кете қоймайды», - деп есептейді.