«Қазақстан» телерадиокорпорациясында бірқатар кадрлық өзгерістер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан» телерадиокорпорациясында бірқатар кадрлық өзгерістер

26.01.2018
«Қазақстан» телерадиокорпорациясында бірқатар кадрлық өзгерістер

«Қазақстан» телерадиокорпорациясында бірқатар кадрлық өзгерістер орын алды. Мақпал Жұмабай  «Balapan»  арнасының директоры қызметіне келді. Ал, осы арнаны басқарып келген Жанар Шәмел «Қазақстан» РТРК» АҚ төрағасының кеңесшісі қызметіне тағайындалды.

Жанар Шәмел Корпорациядағы еңбек жолын «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасындағы таңғы бағдарламалар жүргізушісі қызметінен бастаған. Ұзақ жылдар «Таңшолпан» бағдарламасының жүргізушісі, шеф-редакторы, продюсері қызметтерін атқарды. 2010 жылы Елбасының бастамасымен  ашылған тұңғыш  «Balapan» телеарнаcының негізін қалаушылардың бірі, алғашқы директоры болды. Ана тілімен қоса ағылшын, урду, хинди тілдерін меңгерген.

Мақпал Жұмабай алғашқы еңбек жолын республикалық  «Ана тілі» ұлт газетінің тілшісі болып бастаған. Әр жылдары «Qazaqstan» телеарнасы Таңғы бағдарламалар бірлестігінің редакторы, шеф-редакторы, сондай-ақ, «Balapan» арнасының шеф-редакторы, продюсері қызметтерін атқарған. Мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының, ҚР Тұңғыш Президенті қоры грантының иегері.

Әзімхан  Аусатов  «Қазақ радиолары» ЖШС Бас директорының орынбасары қызметіне, Қазақ радиосының директоры лауазымына Нәзира Бердалы, «Шалқар» радиосының директоры болып Қалқаман Сарин тағайындалды.

Әзімхан Аусатов әр жылдары  Қазақ радиосында редактор,  ақпараттық-сараптамалық және таңғы бағдарламалар редакциясы жетекшісінің орынбасары, аймақтар редакциясының жетекшісі, шеф-редакторы қызметтерін атқарып келді.

Нәзира Бердалы еңбек жолын «Qazaqstan» телеарнасында таңғы бағдарламалардың редакторы болып бастаған. Әр жылдары телевизия саласында  жүргізуші, шығармашылық топтың жетекшісі, бас редактордың орынбасары болып қызмет етті. ҚР Президентінің әдебиет саласындағы сыйлығының иегері.

Қалқаман Сарин 2013 жылы «Астана» телеарнасында «Кеш емес» саяси-әлеуметтік ток-шоуының және 2016 жылы «Qazaqstan» арнасында «Ой-толғау» бағдарламасының жүргізушісі болды. Мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының, ҚР Тұңғыш Президенті қоры грантының иегері. 

Хабарламаларға жазылу