Дәстүрлі БАҚ пен жаңа медиа бірін-бірі толықтыратын кешенді құралға айналуы тиіс – Д.Абаев - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дәстүрлі БАҚ пен жаңа медиа бірін-бірі толықтыратын кешенді құралға айналуы тиіс – Д.Абаев

20.12.2017
Дәстүрлі БАҚ пен жаңа медиа бірін-бірі толықтыратын кешенді құралға айналуы тиіс – Д.Абаев

Бүгін Астанада «Қазақстанның үшінші жаңғыруы аясында медиа ресурстар нарығының дамуы» тақырыбында қазақ сайттары редакторларының форумы өтті. Шараны ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен «Қазақстан» РТРК» АҚ ұйымдастырды.

Қазақ сайттары редакторларының форумы бұл - қазақтілді веб-сайттардың дамуына қатысты сұрақтар мен күн тәртібіндегі өзекті мәселелер және қазақстандық медиасаланың заманауи жаңалығын талдауға арналған тиімді дискуссия алаңы.

Форум «Қазақ сайттары: контент сапасы және оқырман талабы», «Бәсеке, жарнама, қаржыландыру және монетизация», «Жаңа медиа және дәстүрлі БАҚ», «Қазіргі трендтер және жаңа технологиялар» атауларымен төрт сессия бойынша өтті.

Спикерлер қатарында еліміздегі ең ірі медиа ұйымдардың жетекшілері мен журналистері бар.

«Аудиторияны ұдайы зерттеп, әр оқырманның сұранысын ескеру қажет. Кез келген мәселеге елдік мүдде, ұлттық таным мен тәрбие әрі журналистік этика тұрғысынан қарау басты нысана болуы тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуметтік желіден басты айырмашылығы да, артықшылығы да – осы», - деді шараға қатысқан Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев.  

Сондай-ақ, сала басшысы министрлік келер жылдан бастап ауылдық елді мекендердегі 2 миллионнан астам тұрғынды сапалы интернетпен қамту жобасын бастайтынын жеткізді. Бұл бастама 2020 жылға дейін жүзеге асырылмақ. Ал, 2022 жылға дейін еліміздегі барлық ауылдарға жылдам интернет таралатын болады.

«Оларға қандай контент ұсынуға болады? Осы мәселені сайттар қазірден бастап зерттеп, контенттік саясатты жолға қоя бастаса, қолданушылар саны бірнеше есеге артатыны сөзсіз. Ауыл тұрғындары қазақтілді сайттардың басты тұтынушысына айналады», - деді Д.Абаев.

Өз сөзінде министр журналистиканың қоғамды тәрбиелеу функциясын қайтару туралы сөз қозғады.

«Бұрын журналистика қоғамды тәрбиелесе, сенсация қуудың нәтижесінде қазір сол қоғамның деңгейіне түсіп келе жатыр. Дәстүрлі БАҚ пен жаңа медиа ақпарат төрінен орын алуы үшін бірін-бірі толықтыратын кешенді құралға айналуы тиіс. Қазіргі кезде еліміздегі іргелі медиаұйымдардың осыны сәтті қолдана бастағанын байқуға болады. Оған дәлел ретінде «Егемен Қазақстан», «Айқын» газеттері мен бірқатар телеарналарды атауға болады», - деді министр.

 

Хабарламаларға жазылу