Рәсімге қатысушыларға арналған сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің басты мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтап, егеменді ел ретінде дамыған жылдарымыздағы бірқатар жетістіктерді атап өтті.
– Мемлекеттік егемендікке ие болған соң біз мықты әрі өркендеу жолына түскен Қазақстанды құруға кірістік. Осы жылдар ішінде еліміз көптеген елеулі жетістіктер мен жеңістерге қол жеткізді. Ауқымды жаңғыру үдерісі аясында азаматтарымызға жоғары әлеуметтік кепілдік беріп, әл-ауқатының артуын қамтамасыз еттік. Біз Қазақстанның халықаралық беделін нығайтып, жаһандық деңгейдегі ауқымды іс-шараларды лайықты өткіздік, – деді Елбасы.
Қазақстан Президенті еліміздің жетістіктері мен институционалды реформаларды іске асырудағы әрбір қазақстандықтың рөлі мен күш-жігері жөнінде айтты.
– Бүгін біз Отанымыздың дамуына өз үлесін қосып, еңбек сіңірген азаматтарымызды наградалармен және сыйлықтармен марапаттаймыз. Биыл «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы Ахметжан Есімовке берілді. Ол менің сенімді серіктерімнің бірі ретінде Тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалауға зор үлес қосты,– деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Елбасы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапатталған инженер Руслан Қуатовтың сіңірген еңбегін атап өтті.
– Жоғары білікті инженер ретінде ол мұнай өндіру ісін технологиялық тиімділігі тұрғысынан қамтамасыз етуге зор үлес қосты. Еліміздің мұнай-газ саласындағы халықаралық серіктестігінің дамуына атсалысты. Осындай кәсіби мамандардың еңбегінің арқасында мемлекетіміздің индустриалды әлеуеті артып, энергетикалық егемендігі нығая түсуде, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен даңқты балуан, Олимпиада ойындарының чемпионы Жақсылық Үшкемпіровті марапаттады.
– Бүгінде Жақсылық Үшкемпіров ауыл шаруашылығын дамытумен айналысып, ауылды өркендетуге зор үлес қосуда. Ол өз қаражатына спорт кешенін, бала-бақшалар, жас отбасыларға арналған үйлер салып, ауылдастарының құрметі мен ризашылығына бөленді, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев «Отан» орденімен марапатталған Аманғос Төлеуовтың ауыл шаруашылығын дамытудағы рөлін және ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған Әнес Сарайдың шығармашылық еңбегін атап өтті.
– ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін Игорь Анатольевич Китаевқа табыс етеміз. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы Елтаңбамыздың авторы Жандарбек Мәлібекұлына беріледі, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті, сондай-ақ, өрт кезінде өз өміріне қауіп төнгеніне қарамастан үш адамды, соның ішінде кішкентай баланы өлімнен құтқарып қалған Руслан Базарбаевтың ерлігін атап өтті.
– Бүгін біз өз ісінің білікті мамандары, Отанымыздың нағыз патриоттары болып саналатын қазақстандықтарға құрмет көрсетеміз. Мемлекеттік наградаларға мәдениет пен өнер, білім беру мен денсаулық сақтау ісінің қайраткерлері, бизнес пен өндіріс саласының өкілдері, әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, соғыс және еңбек ардагерлері, спортшылар мен мемлекеттік қызметшілер ие болуда. Өз істеріңізге деген адалдықтың, еңбекқорлықтың, қажыр-қайрат пен ерліктің арқасында сіздер әріптестеріңіздің құрметіне бөленіп, қоғамда зор беделге ие болдыңыздар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы еліміздің зияткерлік-инновациялық әлеуетінің дамуына назар аударып, бұл істегі отандық ғылым қайраткерлерінің рөліне тоқталды.
– Жүргізілген ғылыми зерттеулердің нәтижесінде Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуының түбегейлі жаңа моделін қалыптастыратын озық әзірлемелер жасалуда. Биыл ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық екі авторлық зерттеу мен екі ғылыми ұжымға беріледі, – деді Елбасы.
Рәсім барысында Қазақстан Республикасын экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық тұрғыдан дамытудағы аса үздік жетістіктері үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқармасының төрағасы А.Есімовке, Атырау облысындағы «Тенгизшевройл» ЖШС менеджері Р.Қуатовқа және «Жақсылық» ШҚ басшысы Ж.Үшкемпіровке табыс етілді.
«Отан» орденімен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметов, Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев және Ақтөбе облысындағы «Степное» ЖШС директоры А.Төлеуов марапатталды. ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» АҚ бас директорының Қазақстан Республикасы Үкіметімен байланыс жөніндегі орынбасары Қ.Қабылдинге, Қазақстан Президентінің көмекшісі Н.Онжановқа және жазушы Ә.Сарайға берілді.
Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев, бұрынғы Бас прокурор, Жоғарғы Сот төрағасы Ж.Асанов, Әділет министрі М.Бекетаев, Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек, «М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры» РМҚК әртісі М.Өтекешева «Парасат» орденімен марапатталды.
«Құрмет» орденімен белгілі ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, өндіріс пен әлеуметтік сала өкілдері марапатталды. Олардың қатарында «Мектепке дейінгі шағын орталығы бар Қастек орта мектебі» КММ мұғалімі Б.Бердікенова, боксшы Қ.Ислам, «Павлодар облыстық балалар ауруханасы» КМК дәрігері Т.Мүтішев, Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев, киноактриса Ә.Сәдуақасова бар.
ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ болат қорытушысы И.Китаев иеленді.
«Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi» атағы «Астана Балет» театры» ЖШС бас балетмейстері М.Абубахриеваға және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы Ж.Мәлібекұлына берілді.
Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі мен қажырлылығы үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.
ІІ дәрежелі «Даңқ» орденіне Аумақтық қорғаныс бас басқармасының бастығы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері аумақтық әскерлерінің бастығы С.Қамалетдинов және Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы А.Каскеленов ие болды.
ІІ дәрежелі «Айбын» ордені Қорғаныс министрлігі әскери бөлімінің командирі Ж.Ермұхановқа және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Терроризмге қарсы қызметі Терроризмге қарсы орталығының штаб бастығы Ж.Сайполдаевқа табыс етілді.
ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік «Айбын» полкі әскери бөлімінің бөлімше командирі Е.Жақаев марапатталды.
Бұдан бөлек, «Ерлігі үшін» медалі Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жедел кезекшісі Р.Базарбаевқа және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы басқарма басшысының орынбасары А.Югайға табысталды.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы рәсім барысында Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2017 жылғы мемлекеттік сыйлығын «Қазақстандық іргелі ғылымды әлемдегі озық жетістіктер деңгейіне шығаруға икемдеуші нақты ғаламның қасиеттерін сипаттайтын гравитация теориясын дамыту» тақырыбындағы жұмысы үшін физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Рәтбай Мырзақұловқа, «Ерте және орта ғасырлардағы Қазақстандағы кенттену» тақырыбындағы жұмысы үшін академик Карл Байпақовқа, «Болат өндірісінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды қамтамасыз ететін, төмен сапалы және техногенді шикізаттарды өңдеуге тарту бойынша әлемдік деңгейдегі технологияларды әзірлеу және оларды коммерцияландыру» тақырыбындағы жұмысы үшін техника ғылымдарының кандидаты Әбілқасым Ахметовке, «Белсенді ұзақ өмір сүруді қамтамасыз етудің ғылыми дәлелденген әдістері» тақырыбындағы жұмыстар циклі үшін медицина ғылымдарының докторы, профессор Валерий Бенберинге табыс етті.
akorda.kz