«Таңшолпанға» - 25 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Таңшолпанға» - 25 жыл

14.12.2017
«Таңшолпанға» - 25 жыл

«Таңшолпан» - «Qazaqstan» Ұлттық арнасының ең ұзақ мерзімді жобасы және қазақ телевизиясы тарихындағы алғашқы таңертеңгілік бағдарлама. Бірегей телеөнімнің негізін қалаушы Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртаза 1992 жылы 14 желтоқсан күні алғаш рет бұл жобаны эфирге шығарды. Жүргізушілік тізгінді телевизия саласының шеберлері Иманбай Жұбай мен  Лаура Жүсіпжанова ұстады. Көрермендер назарына «Арай», «Жаңа күн», «Таңсәрі», «Оян, қазақ!», «Көңілашар», «Қайырлы таң, Қазақстан!», «Ассалаумағалейкум, ағайын!» атауларымен де танымал болған, ал, 2010 жылы  жоба қайтадан «Таңшолпан» деген алғашқы атауына ие болды.

Әр жылдары авторлық құрам өзгергенімен, Шерхан Мұртазаның межелеген белестері тек шарықтай түсті. 25 жыл бойы «Таңшолпан» сүйікті көрермендеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлап келеді.

Әсерлі әңгіме, әуезді ән, қызықты дерек, танымдық сюжет, әлемдік ақпарат, жағымды жаңалық – мұның бәрі «Таңшолпанда». Ақпараттық-сазды бағдарлама дүйсенбі-жұма және жексенбі күндері тікелей эфирде сан алуан тақырыпты қамтып, ұланғайыр қазақ даласының түкпір-түкпіріне ән мен жырдан шашу шашады. Алғашқы эфирлер тізгінін Ляззат Танысбай, Гүлмира Дайрабаева, Хадиша Жәмекова, Лаура Жүсіпжанова, Архат Садықов, Ругина Лоджу, Жасқылық Шүйтенов басқарған. Қазіргі кезде тікелей эфирде өз ісінің шеберлері Жансерік Берікқазыұлы, Ирина Тен, Назерке Нұртас, Данияр Есен, Гүлнұр Оразымбетова, Баян Бақкелді және Жалын Тілеуберген үш сағат бойы көрермендер үшін жұмыс істейді.

«Таңшолпан» тележобасы жан-жақтылығымен ерекшеленеді. Мәселен, әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандарды қуанышқа бөлейтін «Мейірім», еліміздегі және шет мемлекеттердегі өзге ұлт өкілдерінің дәстүрін дәріптейтін «Өзге ұлт», үй дизайны мен баспананы сәндеуге кеңес берер «Interior», қаржы және заң салалары жайлы таптырмас жоба «Кеңес», өткен жылдарға шолу жасайтын «Retro» және басқа да қызықты айдарлармен көрермен көңілінен шығып келеді.

Бүгін «Таңшолпан» жобасының 25 жылдығына орай, аға буыннан Иманбай Жұбай мен Ләззат Танысбай және Жансерік Берікқазыұлы мен Ирина Тен бірлесіп тікелей эфирге шықты.

Хабарламаларға жазылу