«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының Тәуелсіздік күніне арналған тележобаларының таныстырылымы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының Тәуелсіздік күніне арналған тележобаларының таныстырылымы өтті

12.12.2017
«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының Тәуелсіздік күніне арналған тележобаларының таныстырылымы өтті

Орталық Коммуникациялар Қызметінде ҚР Тәуелсіздігі күніне орай «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының арнайы дайындаған тележобаларының таныстырылымы өтті.

«Qazaqstan» Ұлттық арнасында 16 желтоқсан күні сағат 11:05-те тікелей эфирде Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы дамуы мен әлемдік саяси аренадағы орны және экономикалық жетістіктеріне арналған «Тәуелсіздік тұғырым» атты арнайы жобасы көрсетіледі. Халықты жаңа индустриалды жобалармен таныстырып, маңыздылығын жеткізу мақсатында «Qazaqstan today» жобасының аясында «Igraphic»  дизайн-бюросымен бірігіп әзірленген бейнероликтер топтамасы мен Тәуелсіздік күніне арналған инфографика ұсынылады.

15 желтоқсан күні сағат 17:30-да еліміздің егемен ел болғалы бағындырған белестері жайлы түсірілген «Қазақстанның Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктері» туындысы көрерменге жол тартады. Ал, 17 желтоқсан күні сағат 15:10-да Қазақстанның көліктік-транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жобаларды сипаттайтын «Нұрлы жол» деректі фильмінің тұсаукесері өтеді. Сонымен қатар, мереке күндері Ұлттық арна төрінен тарихи деректі фильмдер де орын алады. 17 желтоқсан күні 12:40-та көрермендер Азаттық жолында қазақ халқының күресін суреттейтін «Алаш алыптары» туындысын тамашалайды. 

«26 жылда бірнеше буын өсіп, тәрбиеленді, Мақсатымыз - жаңа телебағдарламалар арқылы ұлы мерекенің маңыздылығын арттыру және қазақстандықтарды соңғы жылдары еліміздің жеткен жетістіктерімен кеңінен таныстыру», -дейді «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин.  

Ал, 18-19 желтоқсан күндері Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің 25 жылдығына орай арнайы түсірілген «Текетірес» атты 4 бөлімнен тұратын телевизиялық көркем телехикая ұсынылады. Еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы қызмет құрылымдарының жанкешті еңбегін сипаттайтын  туынды сағат 13:15-те екі бөлімнен қатар көрсетілетін болады.

Сонымен қатар, осындай айтулы күндері Ұлттық арна мега-жобаларының финалдық кезеңдері жоспарланған. Ұлттық арна көрермендеріне 16 желтоқсан 21:30-да «Silk Way Star» жобасының финалын және 17 желтоқсан 20:55-те «Мен Қазақпын» халықаралық музыкалық жобасының гала-концертін тамашалап, жоба жеңімпаздарымен танысу мүмкіндігі туады.

Сонымен қатар, мерекелік күндері спортсүйер қауымға тамаша тосынсый дайындауда. Ұлттық күрес жанкүйерлері үшін 16 желтоқсан 13:00-де «Еуразия Барысы - 2017» халықаралық турнирінің тікелей көрсетілімі басталады.

Айта кетерлік жайт, арнайы телевизиялық жобалар аймақтық телеарналарда да жоспарланған.

 

 

Хабарламаларға жазылу