Қазақ пен қырғыздың арасынан қандай ала мысық жүгіріп өтті? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ пен қырғыздың арасынан қандай ала мысық жүгіріп өтті?

11.11.2017

Қазақ-қырғыз шекарасындағы бүгінгі ахуал, «басынан бақайшағына дейінгі» тексеріс 10 қазанда басталды. Әлеуметтік желінің беті ұзын-сонар кезектердің бейнежазбалары мен суреттеріне толып қалды. «Шекарадағы жағдай шиеленісіп, шектен шықты» деген бейсауат әңгімелер желіде желдей есті. Қырғыз тарапы дереу бұл жайтты басы бүтін басқа арнаға бұрып әкетті.

Әліптің артын баққандарға Бақытжан Сағынтаев Ереванда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңесте айыр қалпақты ағайынмен екі арадағы ахуалды тәптіштеп түсіндірді. Бастысы, бұл қазақтың қырғызға қырғи қабақ танытуы емес екенін ескертті, барлық мәселе Қырғыз билігінің шекарадағы шикілікке көз жұма қарауы екен. Салдарынан контрабандалық тауарлар көлемі еселеп өскен.

Қарапайым ғана мысал, 2016 жылы Қытайдан Қырғызстанға 7710 тонна киім-кешек кірген. Ал, Ресейге 4260 тонна, Қазақстанға 327 тонна киім әкелініпті. Адам саны жөнінен Ресейді былай қойғанда, Қазақстаннан 3 есеге аз қырғыздар қабаттап киеді десек те қисынға келмейді. Қулыққа басқан көрші ел Қытайдан алған тауарын ресми рәсімдемей, түгелімен шекарадан бері қарай жөнелтіп келген. Мысалы, өткен жылы Қытай тарапының мәліметінше, Қытайдан Қырғызстанға 2,6 миллиард АҚШ долларына тауар жіберілген. Ал, Қырғызстан тарапы тек 900 миллион АҚШ доллары деген мәлімет беріпті. Салдарынан Еуразиялық экономикалық одақтың қосымша құн салығы бойынша жалпы шығыны 2,68 миллиард АҚШ долларына жеткен.

Мәселен, Германияның шекарашылары шектен тыс көп бәлішке назар аударып тексерген, сөйтсе іші толған рәсімделмеген еуро екен. Ал, Австралияның кеден қызметі ойыншықтардың бір қорабын ашып тексерген, сөйтсе, әрқайсысының ішіне 293 грамм есірткі жасырылыпты. Таиландтың шекарашылары болса, Бангладештен келген жолаушының сөмкесін әуежайда ақтарып ішінен 451 тасбақа тапқан. Жалпы құны 33000 доллар болады.

Ал, қазақ-қырғыз арасындағы кедендік бақылаудың күшейтілгені сіз бен бізді қандай қауіптен сақтап қалды, бұған дейін нені білмей келгенбіз? Гүлжазира Ғалиқызы ның сюжетінде.

 

Хабарламаларға жазылу