«Қазақстан» телерадиокорпорациясы мен «ССТV-7» телеарнасы бірлесіп киножоба түсіреді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы мен «ССТV-7» телеарнасы бірлесіп киножоба түсіреді

31.10.2017
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы мен «ССТV-7» телеарнасы бірлесіп киножоба түсіреді

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның ұйымдастыруымен баспасөз мәслихаты өтті.

Шара барысында ««Қазақстан»» телерадиокорпорациясы мен «ССТV-7» телеарнасы өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Меморандум аясында екі жақ бірлесіп көркем туынды түсіру жайлы келісімге келді. Бұл қазақстандық және қытайлық телевизияның бірлесе отырып түсіретін тұңғыш киножобасы болмақ.  

Шараның мақсаты - екі ел арасындағы мәдени байланысты дамыту.

Оқиға Қазақтың мемлекеттік консерваториясын бітірген, өнерлі жігіттер Айдар мен Парасаттың тағдыры жайлы. Фильм тұтастай қазақ халқының тұрмыс-салтына, әдеп-ғұрпына, қазақы қарым-қатынасқа арналған.

Фильм режиссері Жаң Бо «Бұл фильм нағыз махаббат пен шынайы достық жайлы. Сондай-ақ, кейіпкерлер арқылы қазақтың ертеден келе жатқан ән-би өнерін толығымен қамтиды. Қазақ халқына деген құрметімді осы фильм арқылы жеткізгім келеді. Бұл киножоба Қытай мен Қазақстан халықтарының достығын нығайтумен қатар, кино өнерінің жарқын туындысы болатынына сенемін»,- дейді.

Жаң Бо қазақтар қоныстанған Шыңжаң өлкесінде дүниеге келген, жастайынан қазақтың ән-күйіне қанығып өскен азамат. Болашақ кинотуынды тек Шыңжаң өлкесінде ғана емес, Астана мен Алматы қалаларында түсірілетін болады. Актерлар мен түсірілім орындарын таңдауды, өндірістік және шығармашылық жұмыстарды корпорация қызметкерлері қытайлық әріптестермен бірігіп іске асырады.

Естеріңізге салсақ, осы аптада корпорация басты рөлдерді сомдайтын кейіпкерлерге кастинг жариялаған болатын, әзірге 100-ден астам өтініш келіп түсті. Фильмге жұмсалатын қаражат қытайлықтардың тарапынан болмақ. Киножоба миллиардтаған көрерменге жол тартады.

 

Хабарламаларға жазылу