Мәселе. Қазақ әскерінің қауқары қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәселе. Қазақ әскерінің қауқары қандай?

07.10.2017

Әскер бұл – біріншіден, шабуылдың емес қорғанудың құралы. Бүгінгі әлемдік ахуал кей мемлекет басшыларының бала шақтағы бірбеткейліктерін болашаққа бірге ала келгенін дәлелдейді. Мәселен, таң атысы кеш батысы зымырандарын сынақтан өткізетін Солтүстік Корея сынды мазасыздар қазір әлем жұртының жарғақ құлағын жастыққа тигізбей тұр. Ким Чен Ынның әскерінде қазір 4200 танкі, 944 ұшақ пен 1950 жылдары шығып әбден тозып тот басқан Romeo маркалы су асты кемелері ғана бар деп қорытынды жасады жуырда сарапшылар. Қарулары тозған ғой деп арқаны кеңге салайын десең, оның қолында ядролық қару бар екені еске түссе еріксіз есің екеу, түсің төртеу болады екен. Осы тұста әлемдегі қайсы елдің қаруы һәм қауқары мықты деген заңды сауал туады. Жуырда ғана шыққан ресми дерек. Бірінші орында азуын айға білеген АҚШ. 1 миллион 381 мың сарбазы бар, 8848 танкі, 3892 әскери ұшағы бар екен. Ал армиясының бюджеті 612 миллиард доллар деседі. Екінші орында Ресей. 798 000 сарбазы бар, әскери саладағы бюджеті 76 миллиард доллар. Әскери қауқары жағынан әлемде үшінші орында Қытай. Бір мезетте Қытай әскерінде 2 миллион 300 мыңға жуық сарбаз Отан алдындағы борышын өтейді екен. Ал, армиясының жылдық бюджеті 126 миллиард доллар. 9150 танкісі, 2860 ұшағы, 67 су асты кемесі бар, бұл ресми дерек. Әскерінің әлеуетіне қарай тізілген ондықты жедел түйіндер болсақ, төртінші орында Үндістан, бесінші Оңтүстік Корея, алтыншы Жапония, жетінші орында Түркия, сегізінші Ұлыбритания, тоғызыншы Франция, ал оныншы орында Германия. Сонымен қатар, мүлдем әскер ұстамайтын мемлекеттер бар екен. Олардың сапында Андорра, Лихтенштейн секілді кішкентай елдерден бөлек, жеткілікті жері бар Коста-Риканың да бірде-бір сарбазы жоқ. Ал, қазақ жерін қорғайтын адымдағанда нәлінің ізі қалатын керзі етік киген сарбаздар бізде бар, жетеді. Олар не киеді, не жейді? Қаруларымыздың қауқары қандай? Тақырыпты бір жеті жауынгер болған Гүлжазира Ғалиқызы тарқатады...

Хабарламаларға жазылу