Ерлан Қарин телевизия аудиториясын тартуға бағытталған жоба туралы айтып берді

06.10.2017
Ерлан Қарин телевизия аудиториясын тартуға бағытталған жоба туралы айтып берді

Бүгін Астанадағы «Қазмедиа» орталығында «Astana Media Week» бірінші қазақстандық медиа апталығы аясында  Өңірлік БАҚ форумы өтуде. 

Форумда сөз алған «Qazaqstan» РТРК басшысы Ерлан Қарин бүгінде телеарна басшыларының бәрі көрерменнің санын көбейтуді көздейтінін айтты. Алайда, үлкен бір проблема бар. Ол - жастардың интернетте жиі отыратыны. Соның салдарынан теледидардың аудиториясы да азайып отыр.

«Жастар қазіргі бағдарламаларды көрмесе, біз соның бәрін кім үшін шығарып жатырмыз? Не үшін шығарып жатырмыз? Олар барлық ақпаратты тек интернеттен іздей бастады. Енді, оларды теледидардың алдына қалай тартамыз? Меніңше, бізге интернет пен теледидардың ортақ тақырыптарын шығару қажет. Интерактивті, кері байланыс болуы керек. Мысалы, біз ұлттық арнадан жаңа бағдарламаны ашуды шештік. Аудиторияға мынандай ұсыныспен шықтық, кез келген адам ұлттық арнаның тілшісі бола алады. Ол үшін ауылда болсын, қалада болсын жаңалықты ұялы телефонға түсіріп, бізге жіберу мүмкіндігін аштық. Соңынан бізге  жіберілген ақпарат бағдараламада көрсетіледі», - деді Қарин бүгін Өңірлік БАҚ форумында.

Корпорация басшысының айтуынша, бүгінде теледидар мен интернеттің күн тәртібі көп жағдайда сәйкес келе бермейді. Теледидарда бір мәселе көтерілсе, интернетте мүлдем басқа мәселелер талқыланып жатады.

Айта кетейік, бүгін Астанадағы "Қазмедиа" орталығында Өңірлік БАҚ форумы ашылды.  Сол жерде министр Дәурен Абаев Өңірлік БАҚ альясының немен айналысатынын айтып берді. 

inform.kz 

Хабарламаларға жазылу