Мемлекет  басшысы Н.Назарбаев Қызылорда облысында жұмыс сапарымен болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет  басшысы Н.Назарбаев Қызылорда облысында жұмыс сапарымен болды

06.10.2017
Мемлекет  басшысы Н.Назарбаев Қызылорда облысында жұмыс сапарымен болды

Мемлекет басшысы сапар барысында Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалды кешенінде болып, облыс орталығындағы шыны зауытының құрылыс алаңын аралады, сол жағалаудағы мемлекеттік-жеке әріптестік шеңберінде салынып жатқан тұрғын үй құрылысының барысымен танысты.

Елбасының жұмыс сапары «Байқоңыр» кешенінен басталып, Қорқыт ата кешенінің жаңғыртылған жәдігерлерін көрумен жалғасты. Түрік әлемінің рухани тәлімгерінің құрметіне арналған аталған кешен 1980 жылдары салынған болатын. Ал 2014 жылы ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша  ол қайта жаңғыртылып,  қосымша зиярат ету орталығы салынды.  Кешен халықаралық «Батыс Еуропа - Батыс Қытай»  автодәлізінің бойында орналасқан. Бұл әсіресе халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде туристер санының артуына ықпал жасады.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қызылорда қаласының сол жағалауындағы құрылыстың жобасын да көрді. 1500 гектар аумақты құрайтын жерде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде бұрынғы Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының сызбасы бойынша рухани жаңғыру орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр. Онда 1925 жылы этносты «Қазақтар» деп атау туралы тарихи шешім қабылданған болатын. Бұған қосымша жаңа қаланың бірінші шағын ауданында 18 көппәтерлік үй, 320 орындық балабақша, жастар ресурстық орталығы, «Болашақ» университетінің ғимаратының құрылысы жүргізілуде.

Сондай-ақ, осы жерде салынатын неке қию сарайы, 300 төсектік аурухана мен бір ауысымда 100 келушіге арналған емхананың жобасы жасалуда. Аймақта тұрғын үй құрылысы көлемі артып, соңғы 4,5 жыл ішінде 2 млн шаршы метр тұрғын үй, осы мерзімде тек облыс орталығында 12 жаңа шағын аудан бой көтерді.

Облыс орталығындағы «Арай» спорт сауықтыру кешенінде Елбасының белсенді жастармен, оның ішінде бокстан әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевпен, жас кәсіпкер Айдос Сайлығараевпен, «Атамекен» балалар ауылының тәрбиеленушісі, қазір Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің студенті Наргиз Қашаповамен кездесуі болып өтті.

Бүгінде қызылордалық 500 жуық түлегі Мәскеу мен Санкт-Петербургтің алдынғы қатарлы техникалық жоғары оқу орындарында сұранысқа ие техникалық және аграрлық мамандықтар бойынша Ресей Федерациясы үкіметінің гранты бойынша білім алуда. 2018 жылы алғашқы 82 түлек аймаққа оралатын болады. Оларды жұмысқа орналастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

 

Хабарламаларға жазылу