25.09.2017."1 студия".Қазақ саясаттанушылары «Орталық Азия одағын құру қажет пе?» деген мәселеге ойларын білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

25.09.2017."1 студия".Қазақ саясаттанушылары «Орталық Азия одағын құру қажет пе?» деген мәселеге ойларын білдірді

25.09.2017

Орталық Азия одағын құру туралы әңгіме осы аймақтағы елдердің Тәуелсіздіктерін алғалы бері айтылып келеді. Алайда, бүгінге дейін бір шешімге келген емес. Жалпы, Орталық Азия одағын құру қажет пе? «1-студияның» өткен аптадағы шығарылымы осы мәселеге арналды. 

Студия қонақтары – саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Камал Бұрханов, белгілі саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедұлы, Елбасы кітапханасы Талдау орталығының аға ғылыми қызметкері, саясаттанушы Қазбек Майгельдинов, белгілі журналист, сарапшы Амангелді Құрметұлы.

«1-студия» хабарының алғашқы бөлімі Орталық Азия аймағындағы мемлекеттердің қарым-қатынасына арналды. Осыған байланысты бағдарлама жүргізушісі Берік Уәлидің «Қазақ-өзбек, қазақ-түрікмен қатынасында, қазақ-қырғыз байланыстарында қандай да бір түсініспеушіліктер немесе саяси мүдделер бар ма, бауырлас көрші елдермен қандай қарым-қатынаста өмір сүріп жатырмыз?» деген сауалдарына қатысты студия қонақтары өз ойларын ортаға салды.  

Камал Бұрханов:
- Тәуелсіздік алғаннан кейін «Орталық Азия елдері бірігейік, ортақ нарық құрайық, қарым-қатынаста болайық» деген Елбасымыздың бірқатар ұсыныстары айтылды. Бірақ, көршілеріміз кейде бір-бірлерімен тіл табыса алмай жатқан кездері болды. Мәселен, Өзбекстан мен Тәжікстан арасында проблемалар көп туды. Қырғыз бен тәжік арасында да түсініспеушіліктер болып жатты. Дәл сондай жағдай өзбек пен қырғыз арасында да көрініс тапты. Одақ құру менің ойымша, көрші елдердің өзара түсініспеушіліктері салдарынан жүзеге аспады.

Бөріхан Нұрмұхамедұлы:
- Бұл мәселеге тоқтайтын болсақ, ең біріншіден Өзбекстанның сыртқы саясаты қандай бағытта екенін қарау керек. Бұл елде осыдан 4 жыл бұрын сыртқы саясаттың тұжырымдамасы қабылданған болатын. Сол тұжырымдамада ең басты бағыт – Орта Азия мемлекеттерінің дамуы, көрші елдермен жұмыс жайы болды. Қазіргі таңда Өзбекстан осы бағытта нақты жұмыс істеп келеді. 

Қазбек Майгелдинов:
- Орталық Азия мемлекеттерінің арасындағы байланысқа келер болсақ, оны екі түрде қарастыруға болады. Олар: экономикалық және саяси. Экономикалық тұрғыда сауда-экономикалық қарым-қатынас барлық мемлекеттерде оң деңгейде жүріп жатыр. Әсіресе, Қазақстан көршілес елдермен экономикалық байланыстарын нығайтуда. Алайда, басқа мемлекеттердің өзара саяси байланыстарында бірқатар тежеуіштер бар деуге болады. Біріншіден, ол шекара мәселесі. Екіншісі, трансшекаралық өзендер мәселесі. Үшіншісі, гидроэнергетика мәселесі. Осындай саяси шешімдердің толыққанды жүзеге аспауының нәтижесінде ынтымақтастықтың саяси тұрғыдағы дамуына аз да болса тежеуіш бар. Сондықтан, экономикалық өзара ықпалдастықты арттыру арқылы тежеуіш болып тұрған саяси мәселелерді тезірек шешсек, онда Орталық Азия ынтымақтастығының ары қарай ілгерілеуіне үлкен үлес болады. 
 

Амангелді Құрметұлы:
- Жалпы, Орта Азиялық интеграция мәселесінде саяси-экономикалық факторлардан бөлек, менталитет мәселесі де бар. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан бауырлас елдердің басын біріктіруге ұмтылып жатыр. Әлі де ұмтыла беретіні сөзсіз. Бірақ, бұл мемлекеттердегі саяси элиталардың көзқарасы қандай? Бизнесмендер интеграцияны қолдауы мүмкін, бірақ, түрлі саяси топтар өздерінің сайлаудағы тағы басқа позицияларына байланысты интеграцияға кедергі келтіруі де ғажап емес. Соңғы 20 жылда Орта Азияға сыртқы алып күштер ықпал етудің түрлі тәсілдерін қолдана бастаған кезде, Өзбекстан мейлінше, оңаша қалуды құп көрген сияқты. Ал, қазіргі президенттің жасап жатқан саясаты - ең бірінші кезекте елдің экономикалық мүддесі.

 

Толық нұсқа

Хабарламаларға жазылу