«Астана» халықаралық қаржы орталығы қазақ экономикасына қандай пайда әкеледі? Бұл орталықты құруға әлеуетіміз жете ме? Бүгінгі «Басты тақырыпта» осы мәселелер әңгіме өзегі болды. Хабардың қонағы - «Астана» халықаралық қаржы орталығының атқарушы директоры Саясат Нұрбек.
- «Астана» халықаралық қаржы орталығы қазақ экономикасына қандай табыс әкелмек? Бұл орталық не үшін қажет?
- Қазіргі таңда қаржы әлеміндегі жүйе қатты өзгеруде. Әсіресе, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде. Жаһандық ақша айналымы өте қызық: Токио биржасынан басталып, Гонконг, Шанхай, Сингапур болып келе жатып, біздің кеңістікке келгенде тоқтап қалады. Себебі, жергілікті қаржы орталықтары жоқ. Біздің банктерге негізделген қаржылық жүйеде қаржы көздері тапшы. Қазіргі таңда біздің негізгі мақсатымыз – қор биржасы арқылы ірі инвесторларды, қаржы ұйымдарын Астанаға шақырып, отандық қаржы секторына және өнеркәсіп пен бизнеске көмектесу.
- Демек, әлемде қаржы қызметтеріне сұраныс арта бастады ма?
- Арта бастады. Ең бастысы, бәсеке күшейді. Қазіргі таңда ақшаның өзі үлкен тауарға айналды және соған талас болып жатыр деуге болады.
- Ең негізгі стратегиялық даму бағыттарыңыз қандай болмақ?
- Негізгі 5 даму бағытымыз бар. Біріншісі, биржа арқылы Қазақстанда құнды қағаздар нарығын дамыту. Екіншісі, активтерді басқару. Үшіншісі, жеке банктер. Бай адамдардың, мықты компаниялардың капиталдарын басқару. Ислам қаржы инструменттерін дамыту және қаржы технологиялары.
- Орталықта қандай әлемдік қаржылық ұйымдар шоғырланады?
- Қорлық биржамыздың екі ірі серіктесі бірігіп, көмектесіп жатыр. Бірі – Шанхай қор биржасы болса, енді бірі – NASDAQ биржасы. NASDAQ технологиялық тұрғыдан ең дамыған биржа саналады. Оның бүкіл платформасын, ақпараттық жүйелерін өзіміздің орталықта қолданамыз. Ал, Шанхай биржасы үлкен капиталға, қаржы инфрақұрылымға қолжетімділікті қамтамасыз етпек.