Дәурен Әбен: Қазақ жерінде жарылған ядролық материалдардың жалпы қуаты екі жарым мың еседен асады (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дәурен Әбен: Қазақ жерінде жарылған ядролық материалдардың жалпы қуаты екі жарым мың еседен асады (ВИДЕО)

29.08.2017

Тамыздың соңғы күндері қазақ үшін қасиетті де, қасіретті. 1949 жылдың 29 тамызында таңғы сағат 06:30-да Семей даласы дүр сілкінді. Тәтті ұйқыда жатқан тұрғындар, бала-шаға дүрлігіп оянды. Абайдың жерінде алғаш рет ядролық сынақ жасалды.

Әлі күнге Семей, Павлодар, Қарағанды жұрты қызыл үкімет қалдырған қасірет пен қайғыдан қан жұтып келеді. Қаншама адам дауасы жоқ дертке шалдықты. Сол зұлмат сынақ полигондары Президенттің Жарлығымен 1991 жылдың 28-тамызында жабылды.

Осыған орай бүгінгі «Басты тақырыпта» халықаралық сарапшы Дәурен Әбен қонақ болды.

Сынақ кезінде қанша адамның құрбан болып, қаншасы айықпас ауруға шалдыққанына тоқталған сарапшы:

«Шыны айту керек, Кеңес үкіметі кезінде ондай мәлімет жиналған жоқ. Жиналған күннің өзінде ол жоғары деңгейдегі құпия болып саналды.  Біздің пайымдауымызша, 1 миллион 700 мыңнан астам адам түрлі дертке шалдықты, жүздеген мың адам дүниеден ерте озды.

Жалпы, Семейдің өзінде 456 сынақ жасалды, ол сынақтарда 550-ден астам құрылғы жарылды. Ал, бүкіл қазақ даласында жарылған сынақтар саны 600-ге жуық. Нагасаки мен Хиросима жерлеріне тасталған ядролық қарулармен салыстырғанда, қазақ жерінде жарылған ядролық материалдардың жалпы қуаты екі жарым мың еседен асып кетеді»,-дейді.

Сұхбат барысында Дәурен Әбен полигон аймақтарында әлі де ұрпақ қуалап, аурулардың жалғасып жатқанына да тоқталды.

СҰХБАТТЫҢ ТОЛЫҚ НҰСҚАСЫ

Хабарламаларға жазылу