«Әйел бақыты». «Аналар үйінде» тұратын Айзада: Әркім кінәсі үшін жауап беруге міндетті (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Әйел бақыты». «Аналар үйінде» тұратын Айзада: Әркім кінәсі үшін жауап беруге міндетті (ВИДЕО)

08.08.2017

Нағашы ағасынан зорлық көрген Айзаданың қазір аяғы ауыр. Ол бағдарламаға келіп, өзінің оқиғасымен бөлісті.

«Қазір 21 жастамын. Ол кезде 13 жаста едім. Нағашы ағаммен (бөлем) бірге өстік, ойнадық. Ата-анасы жиі қыдырып кететін. Нағашым үйінде жалғыз өзі қонуға қорқатын. Анам бауыры болған соң ештеңе ойламай, мені сол үйге қалдырып жүрді. Бір күні ағам үйіне тағы осылай алып кетті. Кешкі уақытта тап беріп, мені зорлады. Басында түсінбей, айқай салдым, жыладым. Артынан түк болмағандай кетіп қалды.

Ол кезде баламын ғой, ес білмейтін кезім. Кейін ол үйге бармайтын болдым. Анама «ұят» деп айтпадым. Өзім қорықтым, туыстық қатынастың бұзылатынын білдім. Сөйтіп жүріп, қанша ауыр болса да ұмыттым. Қазір оның әйелі, баласы бар.

Кейін намазхан, иманды жігітке тұрмысқа шығатын болдым. Үйленер алдында күйеуіме барлық жағдайды айттым. Ол кісі көнді. Әрине, мен үшін ол жеңілдік болды. Себебі, күйеуім түсінбейді ма деп қорқатынмын. Тұрмысқа шыққан соң бір апта өтпей арамыз суыды. Күйеуім мінез көрсете бастады. Ата-енем де өзгерді. Бір күні жолдасым: «Мен төзе алмаймын. Екеуміз ажырасамыз. Той болмайды. Анаңа хабарлас та, кет!», - деді. Осының бәрін естігенде ғана  есімді жидым. Сол кезде ғана анама 8 жыл бұрын болған дүниені айттым. Күйеуім «Бала керек емес, алдырып таста!» деді. Қазір күйеуімнен хабар жоқ, «Аналар үйінде» тұрамын. Баланы да, мені де іздемейді.

Мен сияқты зардап шеккен қыздар көп. Қыз-келіншектерге «қандай жағдай болса да шындықты бастан айту керек» деп айтқым келеді. Әркім кінәсі үшін жауап беруге міндетті. Себебі, бұл - қыздың тағдыры. Туған-туыс, ұят дегенге салынбай, уақытында жазасын беру керек», - дейді Айзада.

Хабарламаларға жазылу