«Айтуға оңай...». Гүлжазира Серікқалиқызы: «Мүгедек болып қалам ба?» деген қорқынышты ішкі сеніммен жеңдім (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Айтуға оңай...». Гүлжазира Серікқалиқызы: «Мүгедек болып қалам ба?» деген қорқынышты ішкі сеніммен жеңдім (ВИДЕО)

02.08.2017

Гүлжазира Серікқалиқызы - батыр қыз. Ол Қарағандыдан Алматыға өзінің аяғымен келді. Бұл осыдан 1 жыл бұрын мүмкін емес еді. Өйткені, оған дәрігерлер «ешқашан төсектен тұра алмайсың, өмір бақи осылай таңылып жатасың» деген болатын.

Ол өмірдің бағасын біледі. Үшінші баласына жүкті кезінде қатты қиналды. Омыртқасы сынып, ота жасатты. Дәрігерлер бала мен ананың өмірі үшін күреседі. Алайда, нәрестені сақтай алмады.

Гүлжазира 4 ай еш қимыл-қозғалыссыз жатады. Сол қиын күндерден оны ішкі сенімі мен рухы алып шықты. Сүйген жары Марғұлан да оның төсектен тұрып кетуіне демеу болды.

«2016 жылы бір басыма жетерліктей сынақтан өттім. Қызымды ваннада шомылдырып жатқанда арқама шаншу қадалып қалды. Сол күннен бастап денсаулығым нашарлады. Дәрігер шақырттық. Аяғым ісе бастады. Содан біраз дәрігерлерге қаралдым. Бір күні аяғымды сезбей, құладым. Аураханада жаттым. Дәрігерлер МРТ-дан кейін «омыртқа сынған» деді.

Ол кезде үшінші балама аяғым ауыр еді. Ақ халаттылар консилиумда «не баланы, не сені сақтап қалу керек» деді. Шешім қабылдау керек болды. Мен мұндайды тек кинодан көретінмін. Отаға келістім, қол қойдым. Баланы алдыру керек болды.

Қазір көбісі «неге баланы алып қалмады?» деген сұрақ қояды. Омыртқа сынғандықтан жұлынға зақым келген. Аяғым қозғалыссыз қалды. Ал, омыртқаға ота жасау үшін адам ішпен жату керек екен. Сондықтан баланы сақтай алмадық.

Барлығы бітіп, анализ тапсырған кезде дәрігерлер «спондилит» диагнозын қойды. Былайша айтқанда сүйек туберкулезі. Мені әрі қарай емдеді. Бірақ, мен мойыған жоқпын. Берген дәрілерін дәрумен деп қабылдадым. Төсекте қозғалыссыз 4 ай жаттым. Қиналдым, ұйқы болмады. «Мүгедек болып қалам ба?» деген қорқыныш болды.

Алайда, адамда ой тазалығы болуы керек екенін түсіндім. «Дертті жеңемін, жазыламын!» деген ой болуы қажет екен, соған көзім жетті», - дейді Гүлжазира.

Толық нұсқа

 

Хабарламаларға жазылу