«Әйел бақыты». Алып қашудың құрбаны болған кейіпкердің мұңы (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Әйел бақыты». Алып қашудың құрбаны болған кейіпкердің мұңы (ВИДЕО)

24.07.2017

Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Алып қашу қыздың бағы ма, соры ма? Дәстүр ме, қылмыс па? Шаңырақты көтеру жолы ма, тағдырды ойрандату ма? Кешегі және бүгінгі алып қашудың ерекшелігі неде?

Алып қашудың құрбаны болған Әсел Байболова бүгін өз оқиғасымен бөлісті.

«25 жастамын. Мамандығым мұғалім. Алып қашқанға дейін күйеуімді көрген емеспін. Былтыр жазда құрбым, оның жігіті және мен бір кешке бардық. Сол жерде бірінші рет көрдім. Ешқандай ілтипат білдірген жоқпын. Себебі жігітім бар еді.

Сол кешке құрбым шақырды. Кейде құрбымның кесірі ма деп ойлаймын. Ал құрбыма айтсам ренжіп, мойындамайды. Сөйтіп кеште қазіргі күйеуіммен танысып, ол мені биге шақырды. Мен бірақ өз тарапымнан ешнәрсе білдірмедім. Содан үйге қайтатын болдық. Құрбым, оның жігіті және мен далаға шықтық. Құрбымның жігіті қасымызда болған соң жаман нәрсе ойламадым.

Далада көлік дайын тұр екен. Көлікте тағы екі жігіт, соның бірі менің күйеуім. Отырдық. Орта жолда құрбым жігітімен түсіп қалды. Мен әрі қарай кеттім. Мекен-жайымды айттым. Бір уақытта бөтен жаққа кетіп бара жатқанымды байқадым. «Қайда барамыз?» деп сұрадым. Олар маған «сені алып қашып бара жатырмыз!» деді. Қолымнан телефонымды жұлып алды.

Үйінде бәрі дайын екен. Менің айхайымды, жылағанымды тыңдамады да. Үлкен кісілер алдыма тұрып, маған күш бермеді. Қазір сол кездегі сезімімді айтып, жеткізу мүмкін емес.

«Қайтып келген қыз жаман» деп ұялғаннан қалдым. Енді күйеуіммен тұрғаныма бір жыл болды. Басында жақсы болып жүрді. Көңілімді табуға тырысты. Бірақ өзім ашыла алмадым. Әрине қиналдым. Жақын болуға тырыстым. Бірақ мен жыли бастаған соң күйеуім өзгерді. Үйден кетіп қалады. Айлап келмейді. Ішеді, ата-анасын тыңдамайды. Мені де адам құрлы көрмейді.

Екеуміз сырласпаймыз да, сөйлеспейміз де. Әйтеуір көрген тіршілік. Бір-бірімізді түсінбейміз. Әрі қарай не болатынын білмеймін.

Ата-анамды жерге қаратқым келмейді. Бірақ бірге бола алмайтынымызға көзім жетті. Ажырасуға қадам жасауға қорқамын. Себебі болашағымның қандай болатынын білмеймін», - дейді Әсел.

Хабарламаларға жазылу