«Әр адам үшін жетістік әртүрлі. Біреудің жетістігі екінші адам үшін түкке тұрмайтын нәрсе болуы мүмкін. Сондықтан, жетістік - жеке адамның субъективтік көзқарасы.
Кебір адамның ұғымында бақыт ол - лауазым, екіншілері байлықты, үшіншісі жанының тыныштығын ойлайды. Біреулер атақты Олимпиада чемпионы, біреулері жеңімпаз болуды армандайды. Бірақ, жүрегің қай жерде тыныштық табады - сол жетістік. Алайда, «осы нәрсеге жеттім» деп қанағат тұтқан адамды сирек кездестірдім. Жете бергің келеді. Жетістіктің шегі жоқ.
Өз басыма келсем, ойлағанымнан әлдеқайда үлкен жетістіктерге жеттім. Ауылда өскен соң ауыл басшысынан биік лауазым жоқ болып көрінетін. Жалпы, өмірде жолым болған адаммын. Әрбір өмірге келген балаң - жетістік, әрбір шығармашылық табысың - жетістік. Өмір жетістікке толы. Мәселе - соны қадірлей білу.
Қазіргі жастарға сенеміз. Сенгеннен бөлек, өмірде жиған-тергенімізді айтып, тәжірибемізбен бөлісу – бүгінгі міндетіміз. Алайда, жастарды қамшылау керек. Қолына балықты ұстап бермей, қармақты беру керек. Ол балықты өзі аулауы тиіс.
Кейінгі кездері еліміздің жетіп жатқан жетістіктері көп. Біздің үлкен жетістік – алты құрлық назарын аударып отырған «ЭКСПО-2017» көрмесі. Бізді әлем танып отыр. Соның арқасында әлемнің алдында ұлттық құндылықтарымызды паш етіп отырмыз», - дейді депутат.