«Парасат майданы» бағдарламасында Мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бәйменов пен журналист Дина Елгезек қонақта болып, өз ойларын ортаға салды.
«Соңғы кезде экономистер 100-ден астам елдің экономикалық дамуын зерттеген. Сол елдердің ішінде Малайзияның ішкі жалпы өнімі 10-ақ мың доллар көлемінде болған. Өйткені, елде автократтық жүйе, монархия күшейген. Керісінше, демократиялық дамуға бет алған Чехия, Эстония, Латвия сынды елдерде экономикалық даму байқалады. Ал, керісінше үнемі тұншықтырып отыратын мемлекеттердің экономикасы 35 пайызға төмендеп кеткен екен. Бұл экономика мен саясат өзі бір-бірімен астарлас, үзеңгілес екенін көрсетеді.
Қазақстанда әрбір азамат өз құқығын қорғауға құқылы. Бірақ, ол қаншалықты деңгейде қорғалып отыр? Азаматтарымыз өз ұстынымына қаншалықты берік? Менің ойымша, ширек ғасырдан астам уақыт өтіп бара жатса да, бізде қоғамның ұнжырғасы тым басым. Елімізде әркім өзінің құқығына немқұрайлы қарайды. Сол себепті бізде автократтық жүйе белең ала түсті», -дейді журналист Дина Елгезек.