Мәди Манатбек: Қазіргі адамның негізгі қалпы – ішсем, жесем, ұйқым қанса деген әрекеттердің төңірегінде ғана - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәди Манатбек: Қазіргі адамның негізгі қалпы – ішсем, жесем, ұйқым қанса деген әрекеттердің төңірегінде ғана

04.07.2017

Тағдырлы жолында талай зобалаң-зұлматты көрген қазақ үшін ендігі сын – интеграцияланған, жаһанданған заманда ұлттық тамырды үзіп алмай, қазақы қалыпты сақтау. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында да осы мәселені меңзеген еді.

 «Басты тақырыптың» осы жайтқа қатысты бүгінгі қонағы – «Республикалық радио» ЖШС Бас директоры Мәди Манатбек.

«Қызыл империяның қамытынан босағалы ширек ғасырға жуық уақыт өтті. Қазақ оянды ма, сергіді ме?», деген сауалға студия мейманы «Ұлт оянды, бірақ, әлі сергіп біткен жоқ. Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр өтсе де, бодандық қамытын үш ғасырдан артық арқаладық. Құлдық санадан ажырау – оңай емес. Тағдырдың тар қыспағында жүріп, дінімізден, тілімізден, дәстүрімізден ғана емес, тұтас жерімізден айырылуға шақ қалған халықпыз. Бірақ, тағдыр тезінен аман-есен өттік»,  деген ойын білдірді.

Сондай-ақ, қоғамда белсенділіктен гөрі немкеттіліктің басым болуын енжарлықпен байланыстыратынын айтып өтті.

«Сөздің ашығы – қазіргі қоғам енжар. «Бала шаршап келді, жата берсін» деген әңгіме көп айтылады. Қазіргі адамның негізгі қалпы – ішсем, жесем, ұйқым қанса деген әрекеттердің төңірегінде ғана. Қазақтың қалпында мұндай болмаған. Кінәліні іздеуге талпынамыз, десе де, ақиқаты сол, Батыстың тәрбиесі өтіп кеткен. Енжарлықты қою үшін өзімізден, өз отбасымыздан бастауымыз керек. Бізге келіп ешкім «оян» демейді. Ахметше айтсақ, әр отағасы, әрбір отанасы өз шаңырағындағы «ызыңдаған маса» болуы керек. Сол сияқты ұлттық идеологияны қоғамның бір  жетекшісі келіп бастап беру міндетті емес. Ол - ошақ қасынан қолға алынуы тиіс дүние. Елбасы мақаласы да осыны меңзейді».

 

Толық нұсқа

Хабарламаларға жазылу