Экономикалық сарапшы Ерболат Мұхамеджан: Мықты жол салу үшін оның технологиясына мән беру керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Экономикалық сарапшы Ерболат Мұхамеджан: Мықты жол салу үшін оның технологиясына мән беру керек

03.07.2017

Бүгінгі «1 студия» ток-шоуында елдегі авто және теміржолдардың құрылысы, әуе қатынасы туралы айтылды.

Студия қонақтары - ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов,  экономист-сарапшы Найля Әлмұхамедова,  экономикалық шолушы Ерболат Мұхамеджан.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуы тиіс логистика-транзит мәселесіне қатысты экономист-сарапшы Найля Әлмұхамедова «Көлік-логистика саласына қатысты бағдарламаның жүзеге асырылуы ел экономикасының дамуына оң әсерін береді. Әлемнің дамыған мемлекеттерін алып қарайтын болсақ, олардың негізгі тірек көздері – ұзақмерзімді көлік саласына арналған бағдарламаларды қабылдау болды. Бұл елішілік және халықаралық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді сонымен қатар, көліктен басқа да саланың дамуына жаңа серпін әкеледі. Логистика саласын алсақ, бағдарлама негізінде бірқатар жаңа жобалар іске асырыла бастады. Олардың негізі Қазақстанның транзиттік әлеуетін көтеруге бағытталған», - деген пікірін білдірді.

Ал, бағдарламаның экономикалық тиімділігі туралы Ерболат Мұхамеджан «Бастапқыда автожолдар мәселесін шешу үшін бірден қаражат бөлінген жоқ. 2015-2016 жылдары қанша шақырым жол салынғанын қарасақ, сәйкесінше, бағдарламаның орындалуы кешеуілдегенін байқаймыз. Ең басты мәселе – қаражат жетіспеушілігі. Мықты жол  салу үшін оның технологиясына мән беру керек. Осы орайда Project Management-ті, яғни, мәселенің нақты шешілу жолдарын көре алмай отырмыз», - дейді.

Сала басшысы бұған қатысты  қаржы жетіспеушілігі тек бағдарламаға кірмеген жобаларда бар екенін айтып өтті.

«Өткен жылы 900 шақырымнан астам жол реконструкциядан өтті. Жыл сайын осыншама шақырым жолды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Соған сәйкес, 2020-2021 жылға дейін 7 мың шақырым жол қайта құрылады. Жоспар бар, оны іске асыру көзделген. Ал, қаржы жетіспеушілігі бағдарламаға кірмеген жобаларда», - деді ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.

Бағдарламаның толық нұсқасы

 

 

  

Хабарламаларға жазылу