Нұртай Сабильянов: «Нұрлы жол» бағдарламасына енбей қалған жолдарда да жөндеу жұмыстары жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұртай Сабильянов: «Нұрлы жол» бағдарламасына енбей қалған жолдарда да жөндеу жұмыстары жүріп жатыр

03.07.2017

Елбасы тапсырмасына сай қабылданған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» ел экономикасының 7 ірі саласын қамтиды. Мемлекет басшысы ең бірінші кезекте елдегі автомобиль, теміржол және әуе жолдарын дамытуға баса назар аударған болатын.

Бүгінгі «1 студия» ток-шоуында осы қара жолдың күретамыры істептті авто және теміржолдардың құрылысы және әуе қатынасы туралы айтылды.

Студия қонақтары - ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов,  экономист-сарапшы Найля Әлмұхамедова,  экономикалық шолушы Ерболат Мұхамеджан.

«Бағдарламаның орындалуына халық қалаулыларының көңілі тола ма?» деген сауалға қатысты Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов «Бұл құжатты «Нұрлы жол» бағдарламасы және экономикалық саясат деп қабылдауымыз керек. Өйткені, бағдарламаны жүзеге асыру арқылы біз елді мекендердің инфрақұрылымын қалыпқа келтіріп, әрі қарай дамытамыз. Сонымен қатар, көптеген азаматтар жұмыспен қамтылады. Аудан-ауылдардың халықпен кездесуінде ең көп көтерілетін өзекті мәселенің бірі – жол жайы. Бұл қазіргі кезде әрбір өңірде бар мәселе.

Бағдарламаның жүзеге асырылу барысы туралы Мәжілісте Үкімет сағатын өткіздік. Депутаттар тарапынан да сауалдар жиі көтерілді. Соның ішінде – бағдарламаға енбей қалған республикалық маңыздағы жолдар туралы. Соған сай, қазіргі кезде Жезқазған-Қызылорда, Семей-Қайнар  сияқты бірқатар бағыттағы жолдарға жөндеу жұмыстары басталды.

Жолдың жайын білу үшін халықпен бірге болып, сол жолмен жүріп өту керек. Көргеннен кейін барып министрлікпен бірігіп, шешілу жолдарын қарастырып жатырмыз», - деген пікірін білдірді.   

Бағдарламаның толық нұсқасы

Хабарламаларға жазылу