Жаһандану тақырыбын сөз еткен Жанарбек Ақыбиұлы Моңғолия жастарының заманауи технологияға деген көзқарасын, қарым-қатынасын айтып өтті.
«Балаларымыз шетелде оқиды. Ғаламторды еркін пайдаланады. Қазақстан туралы барлық ақпаратты алып отырамыз»,-дейді ол.
Жанарбек Ақыбиұлы сондай-ақ, Моңғолия қазақтарын толғандыратын мәселелердің бірі – балалардың ана тілінде білім алуы екенін айтады.
«Бұрын балаларымыз 1-сыныптан 4-сыныпқа дейін ана тілінде білім алып, кейін моңғол тілін игеретін еді. Қазіргі заң бойынша 2-сыныптан бастап моңғол тілінде білім алады. Мектеп қабырғасынан басқа тілде білім алған баладан ертең өз ұлтын мақтанышпен айтып, кейін туған жерге атамекенім деп көшіп келетіндей азамат шығады деу қиын».
Хабар барысында ұлы көш мәселесі де қозғалды.
«Ұлы көш жайында көп әңгіме айтуға болады. Мысалы, ашаршылық заманда қазақтың жерінде қазақ саны кеміп кетті. Сол 32-ші жылдары шетел асқан қазақты Қазақ елі 50-ші жылдары қайтарып алды. Ал, егемендік алған соң, Елбасымыз шеттегі қандасты жинап, қазақтың санын өсіру керек деген мәселені алға тартты. Бұл көш әдемі басталды. Алғашқыда қаншама қазақ туған жерге келді. Бірақ, соңғы 5 жылда осы саясат тоқтап қалды. Бұл мәселені ресми түрде қолға алу керек шығар деп ойлаймын. Шеттегі қазақтың аңсайтыны да осы»,-дейді Жанарбек Ақыбиұлы.
Ертең Елордада Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы басталады. Осыған орай Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан келген қандас, альпинист Жанарбек Ақыбиұлы бүгін «Басты тақырыпта» қонақта болды.