Нұржан Әлтаев: Екінші деңгейлі банктердің  пайыздық мөлшерлемесін азайту бойынша үлкен жұмыс жасауымыз қажет (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұржан Әлтаев: Екінші деңгейлі банктердің  пайыздық мөлшерлемесін азайту бойынша үлкен жұмыс жасауымыз қажет (ВИДЕО)

14.06.2017

Бүгін Астанада «Атамекен» ҰКП IV съезі өтті. Жалпы, қазақ кәсіпкерлерінің шаруасы берекелі ме? Билік тарапынан бизнесті қорғау,  кәсіпкерлерді қолдау жағы қалай? Ұлттық палата бизнес пен билік арасында кәсіпкерліктің күрмеулі мәселелерін шешуде тиімді алаңға айнала алды ма? Осы және өзге де сауалдарға жауап беру үшін бүгінгі «Басты тақырыпта» «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Әлтаев Нұржан Бауыржанұлы қонақта болды.

«Елімізде 1 миллион 300 мыңнан астам кәсіпкер бар. Бірақ, оның сапасына да назар аудару керек.  Себебі, 1 миллион 300 мыңнан астам кәсіпкер болғанымен ЖІӨ-де олар әлі де 30 пайызға жетпейді. Дегенмен, соңғы кездері мемлекет ұсынған көптеген бағдарламалардың арқасында артып келеді»,-дейді Нұржан Әлтаев.

Басқарма төрағасының орынбасары сонымен қатар, кәсіп ашқысы келетін азаматтарға арналған болашақ жобаларымен де бөлісті.

«Қазақстанның жанында екі үлкен нарық бар. Қытай мен Ресей. Біз соны пайдалануымыз керек. Себебі, бұл  нарықта  біздегі ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі өнімдеріне сұраныс жоғары. Бұл нарыққа шығу үшін біз өндіріс көлемін ұлғайтуымыз қажет. Ал, ол үшін қаражат керек. Бірақ, біздегі екінші деңгейлі банктерде несие 18-20 пайызбен беріледі. Бұл өте жоғары пайыздық мөлшерлеме. Соны азайту қажет, себебі, бұл кәсіпкерлерге өте қолайсыз. Еуропа елдерінде несие 3-4 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Бүгінгі съезде біз де осы мәселені көтердік. Ең алдымен, базалық мөлшерлеме және екінші деңгейлі банктердің  пайыздық мөлшерлемесін азайту бойынша үлкен жұмыс жасауымыз қажет»,-дейді ол.

Толық нұсқа

Хабарламаларға жазылу