«Айтуға оңай...». Роза Қобланова: 20 жыл бойы қызымнан таяқ жеп келемін (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Айтуға оңай...». Роза Қобланова: 20 жыл бойы қызымнан таяқ жеп келемін (ВИДЕО)

14.06.2017

Роза апайдың бір ұл, бір қызы қайтыс болған. Бір қызы тұрмыста. Екі баласынан бірдей айырылған ананың тағы бір қызы жол апатына түсіп, соның зардабынан ауру болып қалған. Есі кіресілі-шығасылы болып қалған қызы ауырған кезде шешесіне қол жұмсайды екен.

«Қызылордада тұрамыз. Төрт балам бар еді. 24 жыл мұғалім болдым. Сосын қайын атамды бақтым. Күйеуім жалғыз еді. Оның туыстары жоқ. 15 жыл бұрын қайтыс болып кетті. Үлкен қызым мұғалім еді. Жүрегі ұстап, қайтыс болды. Баламды көшеде ұрып кетті, содан ол да қайтыс болды. Бір қызым тұрмыста. Бала-шағасы бар. Өзі жұмыс істемейді. Тек күйеуі ғана қызметте.

Үйідегі қызды 20 жыл бұрын көлік соққан. Мектепті алтын белгімен бітіріп, Ақтөбеде оқып келді. Екі жыл ауруханада жұмыс істеп, тұрмысқа шықты. Екі баласын босанған соң, ауру болып қалды. Сол қыздың екі баласын, өзін мен қарап отырмын. Қазір пәтер жалдап тұрамын. 20 жыл бойы қызымнан таяқ жеймін. Ауырғанда аяқ астынан баласын да, мені де ұрып, соғады. Көшеге жүгіріп, көршілердің, өзіміздің үйді қиратады. Көршілердің терезесін салып беремін. Олар пәтер қожайынына телефон шалып, шағымданады. Сосын бізді пәтерден қуып шығады.

15 жыл кезекте тұрып, жер алып едім. Сол жерді әкімдіктегілер «қасындағы үйлер бұзылады, құжаттары дұрыс емес» деп тартып алды. Кейін «Бәйтерек» деген жерден жер алдым. Сол жерге үйдің іргетасын да сала алмай отырмын. Себебі, қаражатым жоқ. Ешқайсысы қатынаспайды. «Жерден тағы айырылып қаламын ба» деп қорқамын», - дейді Роза апай.

Хабарламаларға жазылу