Дүкен Мәсімханұлы: ҚХР әр кезеңдегі басшыларының Қазақ еліне деген ықыласы қашанда ерекше болды (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дүкен Мәсімханұлы: ҚХР әр кезеңдегі басшыларының Қазақ еліне деген ықыласы қашанда ерекше болды (ВИДЕО)

08.06.2017

Бүгін Астанада Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы елдері басшыларының саммиті ашылды. Негізгі шаралар ертең басталады. Қазақ билігі бұл саммитті тарихи оқиғаға балап отыр. Ертең ұйымға Үндістан мен Пәкістан толыққанды қосылады деп жоспарланған.

Маңызды шара туралы бүгінгі «Басты тақырыпта» қонақта болған Халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Дүкен Мәсімханұлы толығырақ айтып берді.

Алдымен, Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы қарым-қатынасқа тоқталған сарапшы:

«Тәуелсіздік алғаннан кейін біздің азаттығымызды алғаш болып мойындаған елдердің бірі – Қытай Халық Республикасы. Содан бері екі елдің дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына ширек ғасыр болды. Осы уақыт аралығында екі ел арасында бірқатар күрделі мәселелер талқыланды, шешімін тапты.

Мысалы, Қытайда тұратын қазақтардың атамекенге оралу мәселесі, шекараны шегендеу және трансшекаралық өзендердің бөліс мәселесі. Осындай әрі нәзік, әрі күрделі мәселелерді шешуде ешқандай келіспеушілік болған емес. Тек диалогпен, өзара келісім арқылы шешіліп келе жатыр»,-дейді.

Қытайдың Қазақстанға көзқарасы қалай?

«Тәуелсіздік жариялағаннан күні бүгінге дейін ҚХР әр кезеңдегі басшыларының Қазақ еліне, қазақ халқына деген ықыласы қашанда ерекше болды. Оның тарихи негізі де бар. Біз ежелден Азияның шығысы мен кіндігін ортақ жайлап, бірге жасап келе жатқан халықтармыз. Екіншіден, Қытай дамушы мемлекет ретінде бізбен ғана емес, барлық көршілерімен тату»,-дейді Дүкен Мәсімханұлы.

Хабарламаларға жазылу