Астанада Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің бизнес өкілдерінің арасында форум өтті. Іскерлік қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған бұл жиынға Біріккен Араб Әмірліктерінің 60-қа жуық компания өкілдері мен Қазақстанның 250-ден астам кәсіпкері қатысты.
«Басты тақырыптың» бүгінгі қонағы Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама Шариф аталмыш форумның қазаққа берер пайдасы жөнінде әңгіме өрбітті.
«Биылғы жыл Елбасының Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапарынан басталды. Біз үшін биыл ерекше жыл. Себебі, екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнығанына 25 жыл толып отыр. Осы байланыстың беташар сапарын елбасымыз бастап, сол сапары кезінде көптеген іскер топтар өкілдерімен кездесу өткізген еді.
Кездесуде Президент БАӘ-нің инвесторларын Қазақстанға шақырып, еліміздің нарығын зерттеп, көптеген келісім шарттарға қол қойыңыздар деп ұсыныс айтқан болатын. Сол ұсынысты қабылдаған 70-тен астам ірі инвестор Астанаға келіп, қазақстандық кәсіпкерлермен пікір алмасуда»,-дейді елші.
Елімізге салынған инвестиция бойынша еуропалықтар көш бастап тұр. Біз неліктен араб инвесторларын тарта алмай отырмыз?
«Негізі Араб әлемінен инвестиция тартылып жатқан жоқ деуге келмейді. Астанада бой көтеріп жатқан бір ғана «Абу Даби Плазаны» алатын болсақ, 1 миллиард 600 миллион доллар тартты. Қазақстан Ұлттық банкінің 2005-2016 жылдардағы деректеріне қарасақ, Әмірліктерден 2 миллиардқа жуық тікелей инвестиция тартылған.
Оған негіз болатын нәрсе - екі ел үкіметі арасында қосарланған салықты болдырмау туралы келісімге қол қойылған. Алдағы уақытта да Біріккен Араб Әмірліктерінің іскерлік топтары Қазақ елі нарығына кіруге мүдделі»,-дейді Қайрат лама Шариф.