Бекболат Тілеухан: Оқу бағдарламасы мен оқулықты дайындайтындардың арасында сабақтастық жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бекболат Тілеухан: Оқу бағдарламасы мен оқулықты дайындайтындардың арасында сабақтастық жоқ

21.05.2017

Осыдан 7 жыл бұрын желтоқсан айында Білім беру жүйесін дамыту туралы мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Бағдарламаның басты мақсаты – елдің экономикалық әлеуетін дамыту үшін адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Ол үшін мектепке дейінгі білім беру мекемелерінен бастап, колледждер мен ЖОО-да, тіпті ғылыммен айналысатын іргелі мекемелерге дейін біртіндеп үлкен реформа жүргізу көзделген болатын. Солардың арасындағы елдің есінде қалғаны – 12 жылдық білім беру жүйесіне өту. Бағдарламаның алғашқы 5 жылы қалыпты ырғағымен жүрді десек, өткен жылы елдің елең еткізген үлкен бетбұрыс болды. Жұрт бір ғасырдан астам тарихы бар «Әліппесін» іздеп дал ұрып қалды. Бағдарламаның көздегені осы ма еді? Үш тілде білім бергенннен кім не ұтады? Өткен 7 жылда не ұттық, неден ұтылдық? ҰБТ ұлттың сауаттылығына қаншалықты әсер етті?

Білім саласындағы осы және өзге де реформалар мен өзгерістер туралы бүгін «1 студия» бағдарламасында талқыланды.

Өз ойларын ортаға салу үшін студияға ҚР Білім және ғылым министрлігі ЖОО кейінгі білім беру департаментінің директоры Дархан Ахмед-Заки, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан, Қазақстан Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, ғалым Рахман Алшанов, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы шақырылды.

Министрлік өкілі Дархан Ахмед-Заки «Бұл бағдарлама ЖОО-дағы бәсекелестікті арттырды» десе, депутат Бекболат Тілеухан жүйенің ойдағыдай емес екенін айтып өтті.

«Еліміздегі білім беру жүйесінің ойдағыдай емес екені жасырын емес. Жүйеде үлкен олқылықтар бар. Беталыс бар, ниет дұрыс. Бірақ, ниеттің дұрыстығы істің нәтижелілігіне кепіл емес. Оқу бағдарламасы мен оқулықты дайындайтындардың арасында сабақтастық жоқ. Одан кейінгі аса маңызды нәрсе – жауапкершілік дегенді біреу нақты мойнына алуы керек. Қазір оқулықтан қате табуды машық қылып алғандар бар. Не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Бұл да - жүйенің қателігі», - дейді халық қалаулысы.

Толық нұсқа

Хабарламаларға жазылу