ҚР Бас прокуратурасының ақпараты бойынша, 1999 жылдан 2010 жылға дейін шетелдіктерге 10 мыңға жуық қазақстандық бала асырап алуға берілген. Қаракөздеріміз қазір әлемнің 30 елінде өзге ата-ананың құшағында жүр. Олардың арасында Оңтүстік Африка, Австралия, Мальта сияқты мемлекеттер де бар.
Шетке кеткен 236 бала туралы еш хабар жоқ. Сондықтан, құзырлы органдар бала асырап алу процесін қатаңдатты.
«Шетелдіктерге бала тек уәкілетті органнан аккредитациядан өткен агенттіктер арқылы беріледі», - дейді ҚР Бас прокуратурасы бөлім басшысының міндетін атқарушы Дулат Омар. Қазір еліміздегі мұндай агенттіктердің саны – 16. Ал, Америкада қандастарымыз жәбір көргеннен кейін бұл елге бала беру уақытша тоқтатылды.