Алтынай Есболатова соғыс жылдары күніне 8 тоннадан 16 тоннаға дейін паравоздың қазандығына көмір салған (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алтынай Есболатова соғыс жылдары күніне 8 тоннадан 16 тоннаға дейін паравоздың қазандығына көмір салған (ВИДЕО)

10.05.2017

Жеңісті жақындатуға қазақ қыздары да бір кісідей атсалысты. Солардың бірі Талдықорған өңірінің жұртшылығы «Паравоз апа» атап кеткен Алтынай Есболатова.

Соғыс уақытында әскери эшалонда от жағушы болған. Күніне 8 тоннадан 16 тоннаға дейін паравоздың қазандығына көмір салған.

«Бізді Алматыдан іріктеп алып, соғысқа барасың ба деп сұрады. Ол қиыншылық уақытта кім бармаймын деп айтсын. Барамын дедім. Себебі, транспортта жұмыс істейтіндер әйел, еркек деп бөлінбейтін еді. Бәріне бірдей тәртіп болды.

Содан әуелде кондуктор едім. Кейін от  жағушы қызметкеріміз жараланып, соның жұмысын қатар алып жүрдім. Бресттен Германияға дейін бардық.  

«Басқа түссе, баспақшыл», дейді ғой қазақ. Ол кезде «мен мұны істей алмаймын» деген сөз болмайтын»,-дейді Алтынай апа.

Тележүргізушінің қорықпадыңыз ба деген сауалына, Алтынай апа:  «Соғысқа алғаш кірген кезде қорқыныш әрине, болады. Бірақ, уақыт өте келе адамның еті үйреніп кетеді екен. Кейін адам өліп жатса мән бермейсің. Себебі, сарбаздар шөп сияқты өліп жатыр, оның қайсысына жылайсың...»,-дейді.

  Толық нұсқа

Хабарламаларға жазылу