Қазақстандық студенттер табиғи қуат көздерін жылыжай өнеркәсібінде қолданбақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық студенттер табиғи қуат көздерін жылыжай өнеркәсібінде қолданбақ

06.05.2017
Қазақстандық студенттер табиғи қуат көздерін жылыжай өнеркәсібінде қолданбақ

Тараз Мемлекеттік педагогикалық институтының студенттері баламалы қуат көздерін қолдана отырып, жылыжай өнеркәсібін дамытуды көздеп отыр, деп хабарлайды оқу орнының ақпараттық-имидждік қызметі.

 

Өмірбек Бақытов, Медет Мейірхан және Лесбек Садықов биогаз, Күн және жел энергиясын өндіретін арнайы қондырғы арқылы жылыжайда дәрілік өсімдіктер мен түрлі фитошай түрлерін өсірмек.

 

Айтуларынша, жылыжай өндірісінде баламалы қуат көздерін пайдаланып, жаңа технологияларды қолдану өнімділікті едәуір жоғарылатуға ықпал етеді.

 

Қазақстанның климаттық жағдайы Күн қуатын пайдалануға қолайлы. Елімізде Күн энергиясын өндіру мүмкіндігі жылына 2,5 миллиард киловатт-сағатты құрайды. Бұл тараздық жас ғалымдарды жаңа жобаларды іске асыруға мол мүмкіндік береді.

 

«Энергия жетіспеушілігі мәселесін шешудің бір амалы – оны үнемдеу. Қазіргі күнде әлем жұртшылығы электр қуатын жаппай үнемдеу қажеттілігіне ерекше назар аударуда. ТарМПИ студенттері жасаған қондырғы жеткілікті мөлшерде қуат өндіретіндіктен, энергияны айтарлықтай үнемдейді. Біз бұның отандық экономика дамуының маңызды аспектісі ретіндегі тиімділігін айқын көріп отырмыз», - дейді жоба авторларының ғылыми жетекшісі, Химия-биология факультетінің оқытушысы Рустам Үкібаев.

 

Жоба институт зертханасында сынақтан өткізіліп, студенттер емдік шөп өсіруге және оны өңдеуге болатындығын дәлелдеген.

Хабарламаларға жазылу