«Жас қанат» жас таланттарды іздейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Жас қанат» жас таланттарды іздейді

05.05.2017
«Жас қанат» жас таланттарды іздейді

12 мамырда еліміздің ең беделді байқауларының бірі – «Жас қанат» Республикалық жас орындаушылар конкурсы басталады. Тәуелсіздік құрдасы саналатын «Жас қанат» байқауы жақында 25 жылдығын атап өтті.

Аталмыш байқаудың арқасында отандық эстрадада Медеу Арынбаев, Ерлан Көкеев, Нұрлан Абдуллин, «Үркер» тобы, Бақыт Шадаева, Жанар Дұғалова, Мәдина Сәдуақасова, Құрмаш Маханов, Сәкен Майғазиев, Гаухар Қаспақова, Алтынай Жорабаева, Жанна Орынбасарова, Нұрлан Албан, Бейбіт Қорған, Гүлнур Оразымбетова сынды жарық жұлдыздар пайда болды.

2012 жылы ол кезде әлі жас Димаш Құдайбергенов конкурстың алғашқы премиясының лауреаты атанды. Ал, бүгінде Қытайдағы «I am a Singer 2017» жобасына қатысқан әншіні әлем таниды. Әншінің әкесі Қанат Айтбаев Мұрат  Ерғалиевке ұлының бүгінгі жетістікке жетуіне «Жас қанаттың» да қосқан үлесі зор екенін жеткізді.

Байқауға Қазақстанның әр түкпірінен жас та болса талантты, ерекше дауысты өнерпаздар келеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы байқаудың форматы мен регламентінде өзгерістер бар. Алайда, жүлде үлестіру реті сақталады. «Жас қанаттың» қола, күміс және алтын жүлдесі үздік шыққан үштікке үлестіріледі.

Биылғы байқау 12-14 мамыр аралығында Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді.

Хабарламаларға жазылу