7 мамырдан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында «Алжир» көркем фильмінің тұсауы кесіледі. Осыған орай «Таңшолпан» төрінде көркем фильм директоры Әбдірахым Төлендиев және басты рөлді сомдаған актер Қобыланды Болат қонақта болып, туындының негізгі идеясы бөлісті.
«Фильм 2016 жылы түсірілген. Идея авторы - Ілияс Башарұлы. Сол кісі шақырып Алжирдің биыл 80 жылдығы болғандықтан сценарийін жазсақ, түсірсек деді. Осылайша түсірілім жұмыстарын да бастап кеттік», - дейді Әбдірахым Төлендиев.
Сонымен қатар, фильм директоры түсірілім жұмыстары қай аймақтарда жүргізілгенімен бөлісіп, оның сценарийі 1 айға жуық уақытта жазылғанын айтты.
Ал, Қобыланды Болат осы фильмге түсу арқылы арманының орындалғанын жеткізді.
«Қазақ елінің жастары тарихты терең білуі тиіс.Осындай тарихи фильмдер жиі болса деп тілеймін. Өз жеке басым осындай фильмге өткеніме қуандым. Тарихи фильмдерде ойнау, рөл сомдау - арманым еді. Сол арманым орындалды», дейді актер.
Айта кету керек, фильмде Алтынай Нөгербек, Оңдасын Бесікбасов, Светлана Фортуна сынды актерлер түскен. Аталмыш туындының тұсаукесері кеше Астана қаласында өткен болса, 7 мамырдан бастап республикамыздың барлық кинотеатрларында көркем фильм көрерменге жол тартады.