«Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз»
Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға алуды ұсына отырып, ол үшін қазіргі аудармамен айналысатын құрылымдар негізінде мемлекеттік емес Ұлттық аударма бюросын құру керектігін айтты.
Еліміздегі аударма саласының даму қарқыны қаншалықты?
«Аударма – кез келген тілде өте күрделі шаруа. Себебі, тіл – тірі құбылыс, үнемі дамып, жаңа сөздермен толығып отырады. Қазақ тіліндегі аударма мектебі де әлсіреп қалғаны рас. Өйткені, оған көп ден қойылған жоқ. Әсіресе, қазір шығып жатқан кітаптарды емін-еркін аударып әкете алатын мықты орта бар деп айту қиын. Дегенмен, құр алақан емеспіз», дейді бағдарлама қонағы - «Wikibilim» Қоғамдық қорының төрағасы Рауан Кенжеханұлы.