Елордада «Smart Zholy» бағдарламасының тұсаукесері өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада «Smart Zholy» бағдарламасының тұсаукесері өтті

20.04.2017
Елордада «Smart Zholy» бағдарламасының тұсаукесері өтті

Бүгін «Назарбаев орталығында» Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасының қоры «Smart Zholy» бағдарламасының тұсаукесерін өткізді.

«Smart Zholy» жобасының шеңберінде қазақстандық бағдарламашылар мен стартаперлер халықаралық компаниялармен бірлесіп өздерінің инновациялық өнімдері мен сервистерін құра алады және ол бірегей бағдарлама саналады.

Smart Zholy-ының басты элементі конкурстық негізде іріктеліп алынған жастардың 10 командасы әлемнің жетекші технологиялық хабының бірі Сингапурдегі екі апталық бағдарлама шеңберінде өз жобаларын ірі азиялық корпорацияларға ұсына алады.

Шараға қатысқан ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев еліміздегі талантты жастарды қолдауда Тұңғыш Президент қоры үлкен жұмыстар атқарып келе жатқанын атап өтті.

«Бүгін тұсауы кесілетін «Smart Zholy» жобасы да осындай маңызды шаралардың бірі екені анық. Баршаңызға мәлім, қазіргі күні елімізде Қазақстанның Үшінші жаңғыруы аясындағы кешенді іс-шаралар басталды.

Елбасы тапсырмасына сай, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі де технологиялық жаңғыртуды қамтамасыз ететін жобаларды, оның ішінде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуде.

Осы іргелі істерді жүзеге асыруда еліміз жаңа буын – жастарға үлкен үміт артады. Сондықтан да, «Smart Zholy» жобасының басталуы жас стартаперлерге шынайы қолдау болатыны сөзсіз.

Жобаға қатысушылар отандық инновациялық өнімдер қатарын арттырып қана қоймай, озық елдердің ақпараттық технологиялар саласындағы тәжірибесін ел игілігіне жаратады деп сенеміз», - деді министр. 

ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының Smart Zholy бағдарламасы Оңтүстік Азиядағы Echelon Asia Summit жетекші стартап-алаңымен бірлесіп іске асырады.

Бағдарлама екі кезеңге бөлінеді - біріншісі Астана, Алматы, Қарағанды және Павлодар қалаларын қамтиды. Екінші кезеңінде жоба бүкіл елді қамтиды. 

Конкурстың қорытындысы бойынша өтінім берген 70 команданың ішінен 10 команда іріктеліп алынады. Олардың арасында үздік әлемдік жоғары оқу орындарының түлектері Princeton, UC Berkeley, Carnegie Mellon және басқалары, сондай-ақ қазақстандық Nazarbayev University, ҚБТУ университеттері және басқалары бар.

Іріктелген командалар телекоммуникациялар, логистика, қаржы және денсаулық сақтау саласындағы ірі корпорациялардың өтінімдері бойынша жобалар әзірлейді. Қазақстандық командалар сингапурлық стартап - экожүйесінің орталығында атақты Block 71-де орналасады. Қатысушылар елге қайтып оралған соң алған білімдерін болашақ әзірлемелерінде қолдана алады.

«Smart Zholy» жобасын іске асыру жастардың стартаптарын тек қана Қазақстанға емес, ғаламдық нарыққа шығару, Мемлекет Басшысының Жолдауында қойылған экономиканы жедел жаңғырту және цифрлық экономиканы құру міндетін орындай отырып, Астананы технологиялық картадағы жаңа нүкте ретінде көрсете білу болып табылады, - деп атап өтті Қордың атқарушы директоры Қанат Жұмабаев.

Тұсаукесер шеңберінде Echelon Asia Summit (Сингапур) компаниясының негізін бірлесіп қалаушысы Тэдиус Ко, booking.com (Амстердам) компаниясының инженер-бағдарламашысы Әлібек Датбаев, Method.kz бағдарлама жасау мектебінің негізін қалаушысы Дагар Давлетов, Малайзиядағы MultiMedia University докторанты Мағжан Қайранбай сөз сөйледі. Бұдан басқа 10 финалист команда мүшелері таныстырылды.  

Хабарламаларға жазылу