Өмірбек Есмағамбетов: «Казлегпром-Алматы» тігін фабрикасының өнімдеріне шетелдіктер де қызығушылық танытуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өмірбек Есмағамбетов: «Казлегпром-Алматы» тігін фабрикасының өнімдеріне шетелдіктер де қызығушылық танытуда

19.04.2017

«Қазақстан» Ұлттық арнасындағы «Айтуға оңай...» бағдарламасының кезекті шығарылымы отандық өнімге арналды. Бағдарлама аясында отандық киім тігіп, оларды шетелдерге экспорттау жұмысымен айналыса бастаған компаниялар жайлы сөз қозғалды.

«Фабрикамыздың ерекшелігі – біз киім тігіп қана қоймай, сонымен бірге аяқ киімдерді бір фабриканың ішінде шығарамыз. Өткен жылы біз фабрикамызға заманауи италиялық қондырғыларды орнатып, аяқ киім шығаруды қолға алған болатынбыз және 2016 жылы Президенттің қатысуымен болған телекөпірде кәсіпорынның ашылуы өтті», - деді студия қонағы, «Казлегпром-Алматы» тігін және аяқ киім фабрикасының бас инженері Өмірбек Есмағамбетов.

Бүгінде фабриканың өзінің оқыту орталығы бар. Мұнда аталған компанияның болашақ қызметкерлері дайындалады.

Өмірбек Есмағамбетовтың сөзінше, қазіргі таңда фабрика өнімдері ірі сауда орталықтарында орналасқан дүкендерде сатылады.

«Біздің өнімді жергілікті халық қана емес, өзге өңір тұрғындары да ұнатып, сатып алып жатыр. Мәселен, Ресейде біздің өнімге қызығушылық танытуда және бүгінге уақытқа дейін 5-6 тапсырыс қабылдап үлгердік», - деді Есмағамбетов.

Айта кетейік, «Казлегпром-Алматы» компаниясы іргетасын 2011 жылы қалап, 2013 жылдан бастап сапалы өнім шығарып келеді. Бүгінгі таңда «Казлегпром-Алматы» компаниясында 560-қа жуық қызметкер еңбек етуде.

Хабарламаларға жазылу