Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев бүгін «Басты тақырыпта» қонақта болып, Сарайшық шаһарына қатысты пікір білдірді.
«Мамандардың айтуы бойынша, Сарайшықта қазақтың жеті ханы жерленген. Мұны біреу білер, біреу білмес. Бүгінгі өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда осы мәселе қаралды.
«Бұл бізге не үшін қажет? Бұл жай жатқан топырақ үйінділері ғой, оны қазбалай беріп қайтеміз?», деген де сұрақтар болды. Бірақ, өткенді білмей, болашақ болмайды. Сондықтан, Сарайшықты сақтау – адами көзқарас, мемлекеттік көзқарас деп ойлаймын.
Сарайшықтың тәрбиелік мәні зор. Біз одан тарихымызды, сол жерде ел үшін қызмет еткен азаматтарды, ол жердегі саясат пен қарым-қатынасты білеміз. Жоғарыда аталған конференцияда көптеген шаралардың ұйымдастырылуы және олардың қай бағытта жүзеге асырылу қажеттігі туралы сөз болды. Қазіргі таңда жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа Сарайшықты су шайып жатқан жерін бекіту жұмыстары жүріп жатыр».