Бүгін Жапонияның Саппоро қаласында өтіп жатқан VIII қысқы Азиада ойындары өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қазақстан спортшылары үшін Азиаданың соңғы жарыс күні өте тартысты және табысты өтті. Бұл күні қоржынымызға шаңғышылар Сергей Черепанов - күміс және Николай Чеботько - қола жүлде сыйласа, биатлоншылар Ян Савицкий - алтын, Галина Вишневская - алтын және Алина Райков күміс еншіледі.
Юлия Галшева - күміс және Дмитрий Раихерд- қола жүлде сыйласа, ерлер хоккей командасы ел қоржынына тоғызыншы алтын медальді сыйға тартты. Сонымен, Қазақстан ұлттық құрамасы жалпы есепте 32 медаль еншілеп, (9 алтын, 11 күміс, 12 қол) Азиада ойындарын төртінші орынмен аяқтады.
Жалпы есепте бірінші орынды Азиада ойындарын ұйымдастырған Жапония елінің өкілдері жеңіп алды. Олардың еншісінде 73 медаль (26 алтын 22 күміс, 25 қола) бар. Екінші орынды Оңтүстік Корея спортшылары қанжығасына байлады. Олардың қоржынында 49 медаль (16 алтын, 17 күміс, 16 қола) бар. Ал үздік үштіктен көрінген Қытай елінің қоржынында жалпы 33 медаль (12 алтын, 13 күміс, 8 қола) бар.
Медаль алған елдер арасында Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай және Қазақстаннан бөлек бір мемлекет бар. Ол Солтүстік Корея. Олардың еншісінде жалғыз қола медаль түсті. Жалпы VIII қысқы Азиада ойындарына 29 мемлекет қатысқан болатын. Соның 24 мемлекеті өз ауылдарына жүлдесіз қайтты.
Естеріңізге сала кетейік, VIII қысқы Азиада ойындары Жапонияның Саппоро қаласында 19-26 ақпан аралығында өтті. Жарыста 29 елдің спортшылары 11 спорт түрінен 64 медаль жиынтығын сарапқа салады. Бұл бәсі биік додаға еліміздің намысын 153 спортшы қорғады.
inform.kz