Жақында Алматы-Ташкент жүрдек пойызы жолға шығады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жақында Алматы-Ташкент жүрдек пойызы жолға шығады

24.02.2017
Жақында Алматы-Ташкент жүрдек пойызы жолға шығады

Ташкентте өткен Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзиёев пен Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминнің кездесуінде сауда-экономикалық байланыстардың барлық түрі бойынша Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықтың келешегі талқыланды, деп хабарлайды Өзбекстандағы ҚР Елшілігінің баспасөз қызметі. 

Бұған дейін хабарланғандай, кездесу 23 ақпан күні Асқар Маминнің Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі Бірлескен үкіметаралық комиссияның кезекті отырысына қатысу үшін Өзбекстан астанасына сапары барысында болды.

«Қазақстан Өзбекстанның Орталық Азиядағы ең ірі стратегиялық сауда серіктесі болып табылады», -деген президент Ш.Мирзиёев екі ел арасындағы өзара әрекеттестіктің экономикалық ынтымақтастықты дамытудың жаңа кезеңіне аяқ басқанына назар аударды.

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстанмен ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлетінін баса айтты. Кездесу барысында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары өзбек әріптестермен жұмыс жүйелі негізде жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Агроөнеркәсіптік кешен, химиялық және мұнай-химиялық өнеркәсіп секілді негізгі салаларда ортақ сауда үйлері ашылды, өзара жеткізу ауқымы ұлғайды. Автокөлік құрастыру, туризм, мұнай химиясы секілді ынтымақтастықтың жаңа салалары анықталды. Сонымен бірге бірқатар инфрақұрылымдық жобалар бойынша да келісімдер бар.

Олардың қатарына Астана-Ташкент бағыты бойынша автобус және әуе байланыстарының жиілігін аптасына 6 ретке дейін ұлғайту жөніндегі уағдаластықты айтуға болады. Жақын күндерде Алматы-Ташкент бағыты бойынша жүрдек пойызы жолға шықпақ.

Сондай-ақ, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастықтардың да жетіліп келе жатқандығы сөз болды.

inform.kz 

Хабарламаларға жазылу