5 ақпан күні эфирге шығатын «Бүгін жексенбі» студиясында сахнада көптен көрінбей кеткен әнші Нұржан Қалжан қонақта. Ол ел алдына неліктен шықпай кеткендігі, шығармашылығындағы соңғы жаңалықтар турасында әңгіме өрбітпек.
Сондай-ақ, осы күндері елімізде өтіп жатқан 28-ші Қысқы Универсиада ойындарында фристайл спортынан командалық сайыста топ жарып, алтын медаль еншілеген жеңімпаз Жанбота Алдабергенова да жексенбілік бағдарламаға қонаққа келмек.
«Жайдарман» әзілкештер мен тапқырлар сайысының жүргізушісі Есен Елеукен «жайдарманшылардың» жаңалықтарымен бөліседі.
77 жастағы Алматы қаласының тұрғыны Ырысжан Байбөлиева саламатты өмір салтын ұстанып, әр күнін таңғы жаттығудан бастайды. Қарияның сұхбатын осы аптада «Бүгін жексенбіден» көріңіз!
Чирлидинг – әлемдегі ең қауіпті өнердің бірі. Түрлі акробаттық және гимнастикалық көріністерімен ерекшеленетін өнер туралы білгіңіз келе ме?
«Астана Опера» театры мәнерлі, операның барлық қағидасына сай әуенді келген Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» қойылымын ұсынады. Тұсаукесер 10-11 ақпанда өтеді. Отандық, классикалық өнердің тарихында Симфониялық оркестрмен бірге операда алғаш рет қазақтың ұлттық аспаптары қолданылады. Толығырақ «Бүгін жексенбіден» біліңіз.
«Onrya» fashion kids - балалар сән мектебі 6 ақпаннан бастап 3 пен 12 жас аралығындағы балаларды курсқа шақырады. Курс барысында фотосессия, әртістік шеберлік, хореография, сөйлеу әдебі, дефиле сабақтары өткізіледі. Курсты бітірген балалардың түрлі фильмдерге, бейнероликтерге түсуге мүмкіндіктері бар. Толығырақ Перизат Әбішева айтып береді.
«Coca-cola»-мен қуаттандырылатын телефон туралы естідіңіз бе? Онда «Hi-tech» айдарынан Аманбек Мағзұмханның сюжетін көріңіз.
Ал, «Кино.kz» айдарында «Келін де адам», «Барлығы ерлер үшін», «Тағы бір күн» жаңа туындылары қамтылады.
Осы және өзге де қызықтарды білгіңіз келсе, 5 ақпан сағат 09:30-да Ұлттық арнаны қосыңыз!